Жарнама
Жарнама
Қазақстан Еуро іріктеуінде сенсация жасады
Instagram/@kff_jastar

Қазақстан Еуро іріктеуінде сенсация жасады

Қазақстанның 17 жасқа дейінгі футболшылар құрамасы 2025/26 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде күтпеген жеңіске жетті.

Хорватиядағы тарихи нәтиже

Бауыржан Сағындық жаттықтыратын Қазақстан U-17 құрамасы Неделище қаласында қожайын елдің командасын 2:1 есебімен жеңіп, сенсация жасады. 

Ойынның 2-минутында Ислам Рақым есеп ашты. 33-минутта хорватиялық Юрай Фриган пенальтиден есепті теңестірді. Дегенмен үзіліске дейін Расул Әкісов 45-минутта тағы бір гол соғып, Қазақстанды алға шығарды.

Хорватиялықтар жіберіп алған мүмкіндік

Екінші таймның басында хорватиялықтар есепті теңестіру мүмкіндігіне ие болды, алайда Лука Бартолович 57-минутта пенальтиден мүлт кетті. Осылайша қазақстандықтар жеңісті сақтап қалды.

Қазақстан U-17 құрамасы қатысып жатқан 8-топтың матчтары Хорватияда өтіп жатыр. Бұл топта Қазақстанмен бірге Хорватия, Нидерланд және Албания құрамалары бар.

Біздің жас футболшылар келесі ойынын 14 қарашада Нидерландпен, ал соңғы кездесуін 17 қарашада Албаниямен өткізеді.

Жарнама
Жарнама
Клуб беті: Қазақстан U19