«Реал» клубында жаңа бас бапкер Хаби Алонсоның жұмыс тәсіліне байланысты ішкі наразылықтар пайда болғаны хабарланды.
Ақпарат көздерінің хабарлауынша, командадағы бірнеше ойыншы мен Алонсоның қарым-қатынасы шиеленісе түскен.
«Карло Анчелотти кезінде кейбір ойыншыларға еркіндік берілетін. Олар матчтан кейін тіпті Ибицаға демалысқа кетіп, кейде жаттығуды да өткізіп алатын. Ал Хаби Алонсо мұндай тәртіпсіздікке жол бермейді», — деп жазады француз журналисі Ромен Молина.
Жаңа бапкердің қатаң тәртіп орнатуы мен жеке өмірге бақылау жасауы команда ішіндегі кейбір жұлдыздарға ұнамаған. Испаниялық маманның бұл ұстанымы клуб ішіндегі атмосфераға әсер еткен көрінеді.
Хаби Алонсо жаздың басында Карло Анчелоттидің орнына бас бапкер болып тағайындалған болатын. Бұрынғы ойыншы ретінде ол «Реал» дәстүрін жақсы біледі, бірақ қазіргі ойыншылармен қарым-қатынаста дисциплина мен кәсіби тәртіпті бірінші орынға қойған.
Соңғы турда мадридтік клуб «Райо Вальеканомен» тең ойнап (0:0), екі ұпай жоғалтты. Соған қарамастан «Реал» 12 турдан кейін 31 ұпаймен Испания чемпионатының көшін бастап келеді.
Мадридтіктер келесі матчты 23 қараша күні өз алаңында «Эльчемен» өткізеді.