18 қарашада Хорватияның Пула қаласында өтетін Қазақстан – Фарер аралдары арасындағы жолдастық матчқа «Қайрат» футболшылары қатыспайды.
Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін уақытша атқарушы Талғат Байсуфинов Бельгияға қарсы ойыннан кейін жағдайды түсіндірді.
Оның айтуынша, «Қайрат» ойыншылары еурокубокта өнер көрсетіп жатқандықтан оларға қосымша жүктемеге түсірмеу туралы шешім қабылданған.
«Анарбеков өзін 100 пайыз көрсетті. „Қайрат“ ойыншылары жақсы ойнады. Бірақ олар еурокубокта өнер көрсетіп жүргендіктен оларды Фарер аралдарына қарсы матчқа алмай, демалыс беруді жөн көрдік. Басшылықпен ақылдаса отырып осындай шешім қабылдадық. Сондықтан Темірлан мен Дастан үйге оралып, қалпына келуді жалғастырады».
Фарер аралдары құрамасы L тобында үшінші орын алып, 2026 жылғы әлем чемпионатына шығу мүмкіндігінен айырылған. Соңғы матчында фарерлік команда Хорватияға 1:3 есебімен жол берген.
Қазақстан – Фарер аралдары ойыны тікелей эфирде 18 қарашада 22:00-де көрсетіледі. Матчтан трансляцияны «Qazsport» телеарнасы жүргізеді.