Марсельде өткен Лига 1 матчында жағдай күрт шиеленісті. "Марсель" – "Страсбур" ойыны жанкүйерлердің жаппай наразылығы аясында өтіті. Кездесу аяқталғаннан кейін стадион маңында тәртіпсіздік, өрт қою әрекеттері тіркелді.
Бұл ойын “Марсельдің” бас бапкері қызметінен Роберто Де Дзербидің кетуінен кейінгі алғашқы кездесу ретінде өтті. Лига 1-дің 22-туры аясындағы матч 2:2 есебімен тең аяқталды.
Ойын басталар алдында “Марсель” фанаттары клуб басшылығына ашық наразылық білдірді. Негізгі сын клуб президенті Пабло Лонгорияға, клуб иесі Фрэнк Маккортқа бағытталды.
Ультрастар трибуналарға сынға толы баннерлер іліп, матчтың алғашқы 14 минуты бойы өз секторларына кірмей, үнсіз бойкот жариялады. Сонымен қатар орындықтарға да қосымша плакаттар қойылып, жанкүйерлердің ұстанымы айқын көрсетілді.
Қорытынды ысқырықтан соң эмоция стадион шекарасынан асып кетті. Арена маңында бір топ жанкүйер президент ложасына қарай ұмтылуға тырысқан. Дәл осы сәтте жағдай тіпті қиындап, өрт қою әрекеті орын алып, от тұтанғаннан кейін жедел қызметтер араласуға мәжбүр болды.
Тәртіпті алдымен стюардтар реттеуге тырысқанымен, кейін стадион маңы құқық қорғау органдарының қоршауына алынып, жағдай біртіндеп бақылауға алынған.
Ойынның өзінде алаң иелері жақсы бастама көрсетті. 14-минутта Мэйсон Гринвуд есеп ашты. Екінші таймның басында Амин Гуири айырманы еселеді. Алайда “Страсбур” соңына дейін берілмей, есепті теңестірді.
Бұл кездесуде “Марсельдің” уақытша бас бапкері міндетін Жак Абардонадо атқарды.