Павлодарлық "Ертіс" әлеуметтік желісінде ұлттық құраманың ойыншысымен келісімшартқа отырғанын жариялады.
"Ертіс" қазақстандық жартылай қорғаушы Самат Жарынбетовпен келісімшартқа отырғанын ресми түрде жариялады. Бұл туралы павлодарлық клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
32 жастағы футболшымен жасалған келісімнің мерзімі мен өзге де шарттары нақтыланбады.
Жарынбетов — Екібастұз футбол мектебінің түлегі. Кәсіби мансабын 2011 жылы "Екібастұз" сапында бастаған. Туған командасы құрамында Қазақстанның Бірінші лигасында 140 матч өткізіп, жеті гол соққан.
Футболшы "Тобыл" сапында өнер көрсеткен жылдары кеңінен танылды. Қостанайлық клуб жейдесінде ол 162 ойынға қатысып, төрт гол соғып, 14 нәтижелі пас берді. "Тобылмен" бірге 2021 жылы Қазақстан чемпионы атанып, 2023 жылы ел Кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ осы кезеңде ұлттық құрамада дебют жасап, еурокубоктік турнирлерде тәжірибе жинақтады.
Өткен маусымды жартылай қорғаушы "Қызылжар" сапында өткізді. Петропавлдық клуб құрамында Премьер-лигада 24 матч ойнап, екі гол мен екі нәтижелі пас авторы атанды.
Оқи отырыңыз: