Қысқы Олимпиаданың жабылу салтанатын қайдан көруге болады?
Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиаданың бүгін соңғы жарыс күні әрі жабылу салтанаты өтпек.
22 ақпаннан 23 ақпанға қараған түні Италияның Верона қаласында XXV қысқы Олимпиада ойындары–2026-ның жабылу салтанаты өтеді.
Тікелей трансляция Қазақстан уақытымен сағат 23:45-те басталып, 'Qazaqstan", "Qazsport" және "Хабар" телеарналарынан көрсетіледі.
Салтанатты рәсім қайда өтеді?
Іс-шара көне "Арена ди Верона" амфитеатрында ұйымдастырылады. Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен Олимпиада "Beauty in Action" ("Әсемдік әрекетте") атты шоумен қорытындыланады.
Жабылу салтанатына дәстүр бойынша барлық қатысушы елдердің делегациялары, соның ішінде Қазақстан құрамасы да қатысады — спортшылар аренада шеру жасап өтеді. Айта кетейік, бұл Олимпиадада Қазақстан құрамасы сапында 36 спортшы он спорт түрі бойынша сынға түсті.
Салтанатты рәсім Олимпиада туын 2030 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының астанасы — Француз Альпіне тапсырумен аяқталады.