"Шабуылды ұнатады": Бельгияда Герартстың "Ордабасыға" келуін бағалады
Бельгиялық HLN басылымының сарапшысы Томас Таке Карел Герартстың "Ордабасы" бас бапкері болып тағайындалуына қатысты пікір білдірді.
Көпшілікті таңғалдырған тағайындау
Томас Такенің сөзінше, Герартс біраз уақыт бапкерлік қызметтен қол үзіп қалған. Бұған дейін бірқатар ұсыныстан бас тартқан маманның Қазақстанға келуге келісуі оның бұл жобаға қызығушылығы бар екенін аңғартады. Бұл туралы ASnews.kz жазады.
"Бұл бәріміз үшін тосын жаңалық болды. Ол біраз уақыт үйінде болып, бапкерлік жұмыспен айналыспады. Бельгиялық мамандардың ерекше тәжірибе іздеп, шетелге аттануы алғаш рет болып отырған жоқ. Дегенмен бұл шешім күтпеген жағдай болды. Бұрын ол кейбір ұсыныстардан бас тартқан еді. Сондықтан осындай қадамға баруына түрткі болған белгілі бір себеп бар деп ойлаймын", — деді сарапшы.
Чемпиондар лигасына шығу міндеті тұр
Таке Қазақстанға ауысуды біржақты бағалауға болмайтынын айтады. Ол Еуропадағы клубтық футболдың ауқымы кең екенін атап, "Ордабасы" ұсынысының қаржылық жағынан да, жаңа кәсіби сынақ ретінде де қызықты болуы мүмкін екенін жеткізді.
Сонымен қатар маманның отбасынан жырақта жұмыс істеуіне тура келеді.
"Мұны кері қадам деуге бола ма? Қай қырынан қарайтыныңызға байланысты. Қаржылық тұрғыдан да, жаңа міндеттер жағынан да бұл — қызықты нұсқа. Бірақ жақындарынан алыста жүру секілді қолайсыздықтар да бар. Сондықтан оның сезімі аралас болуы мүмкін. Ал "Ордабасыны" Чемпиондар лигасына шығару — үлкен сын. Команда шілдеде іріктеуді бастайды. "Астана" мен "Қайраттан" кейін негізгі кезеңге жолдама алу тамаша нәтиже болар еді", — деп атап өтті Таке.
Қандай футбол ұсынады?
Сарапшы Герартстың басты артықшылықтары ретінде тактикалық дайындығын және ойыншыларға өз идеясын түсіндіре білу қабілетін атады. Оның пікірінше, бельгиялық бапкер еңбекқорлықты жоғары бағалап, шабуылға бағытталған сапалы ойын қалыптастыруға ұмтылады.
"Ол тактика жағынан өте мықты, команданы сендіріп, ойыншыларға ойын жеткізе алады. Футболшы кезінде еңбекқорлығымен ерекшеленетін, "халықтық" деп аталатын клубтарда ойнады. Сол мінез оның бойында сақталған. Алаңда күрескер болды, техникасы да жақсы еді. Герартс шабуылға негізделген сапалы футболды ұнатады және жұмысына бар күшін салады. Еуропадан кетуі оның енді жарты күшпен жұмыс істейтінін білдірмейді. Ол мақсатына жету үшін күн сайын жүз пайыз беріліп еңбек етеді", — деді бельгиялық шолушы."
Карел Герартс шымкенттік команданың тізгінін молдовалық Андрей Мартиннен қабылдады. Ол бұған дейін Бельгияның "Юнион Сент-Жиллуаз", Германияның "Шальке 04" және Францияның "Реймс" клубтарын жаттықтырған. Соңғы аталған командадан 2026 жылдың мамырында кеткен.