Қазақстан футболының жаңа маусымы 7-8 наурызға жоспарланған. Бірақ футбол басталмай жатып, оның айналасындағы жұмыс қызу түрде істелуде.
Беларусь маманы Виталий Жуковский "Атырау" клубының бас бапкері қызметінен кетеді, деп хабарлайды Football.by.
"Біз "Атыраудың" жаңа басшылығымен келісімшартты бұзу жөнінде ортақ шешімге келдік. Қазір команда Түркістанға ұшып кетті. Маған билеттерді ауыстырып берді, мен Минскіге ұшып бара жатырмын. Келісімді бұзу туралы құжаттарды сәт сайын күтіп отырмын. Әзірге айтарым осы", – деді Жуковский.
Жуковский "Атырауды" алғаш рет 2022 жылдың тамыз айында тізгіндеген еді. Маусым қорытындысы бойынша команда 11-орынға тұрақтады. 2023 жылы беларусь маманы ұжымды толық жасақтап, өз алаңында қайсар қарсылас ретінде танытты. Соның нәтижесінде клуб маусымды жетінші орында аяқтады. Жуковскийдің "Атырау" тізгініндегі ең үлкен жетістігі – 2024 жылы Қазақстан Кубогын жеңіп алуы.
2025 жылдың басында маман "Атыраудан" кетіп, "Тұран" клубын басқарды. Араға жарты жыл салып, ол ресми түрде атыраулық командаға қайта оралып, клубтың Қазақстан Премьер-Лигасындағы орнын сақтап қалуына көмектесті.