Әйгілі Криштиану Роналду Англия Премьер-Лигасына қайта оралуы мүмкін.
Португалия құрамасының көшбасшысы Криштиану Роналду "Әл-Насрдағы" жағдайына байланысты Англия Премьер-Лигасына қайта оралуы мүмкін, деп хабарлайды Football Insider.
Дереккөз мәліметінше, португалиялық шабуылшы "Әл-Насрдағы" өз жағдайына көңілі толмай, команданың үш матчына қатысудан бас тартқан. Роналдуға қатысты жағдайдың өрбуін мұқият бақылап отырған клубтардың бірі ретінде "Челси" аталады. Лондондық клуб трансферге нақты мүмкіндік туған жағдайда тәжірибелі форвардты Англияға қайтару нұсқасын қарастыруда.
Сонымен қатар "Манчестер Юнайтедтің" бұрынғы бас скауты Мик Браун Роналдудың ағылшын клубына ауысуы тек қазіргі жалақысын едәуір қысқартқан жағдайда ғана мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, қаржылық мәселе шешім қабылдаудағы негізгі факторға айналуы ықтимал.
Айта кетейік, бұған дейін "Челси" алматылық "Қайраттан" Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаевты трансферлеген болатын. Қазақстандық футболшы кәмелет жасына толғаннан кейін, биылғы жылдың тамыз айында лондондық клубқа қосыла алады.