Реклама
Реклама

Сәтпаевтың жеңіс голы Англияға дейін жетті

Сарапшы, спорт журналисі
17.03.2026, 10:15

Алматылық "Қайрат" клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Қазақстан Премьер-лигасының жаңа маусымындағы алғашқы голын соқты. Жас футболшының нәтижелі ойынын "Челси" жанкүйерлері де назардан тыс қалдырмады.

Фото: "Қайрат" ФК баспасөз қызметі

17 жастасы шабуылшы Қазақстан чемпионатының екінші турындағы “Ақтөбе” командасына қарсы ойында 76-минутта гол соқты. Бұл матчтағы жалғыз гол болып, “Қайратқа” 1:0 есебімен жеңіс әкелді. Сәтпаев алаңға екінші таймда шығып, 13 минуттан кейін қарсылас қақпасын дәл көздеді.

“Челси” жанкүйерлері назар аударды

Жас ойыншының голына әлеуметтік желідегі Chelsea Loan Army парақшасы да реакция білдірді. Бұл аккаунт “Челсидің” жалға берілген немесе болашақ ойыншыларының ойындарын тұрақты түрде бақылап отырады. X желісіндегі пост қысқа уақыт ішінде мыңнан астам лайк жинады.

“Дастан Сатпаев алаңға шыққаннан кейін 13 минут өткен соң “Ақтөбеге” қарсы матчта жеңіс голын соқты. Бұл оның жаңа маусымдағы алғашқы голы” , – деп жазылды.

Еске сала кетсек, 2025 жылдың 10 ақпанында “Қайрат” пен “Челси” клубтары Сәтпаевтың трансфері бойынша келісімге келгенін хабарлаған. Қазақстандық шабуылшы 2026 жылдың жазында кәмелет жасқа толғаннан кейін, ресми түрде лондондық клубтың құрамына қосылады.

Заруцкий “Қайрат” жанкүйерлеріне алғыс айтты

Матчтан кейін  Александр Заруцкий  алматылық жанкүйерлерге құрмет білдірді. Бұрын “Қайрат” сапында ойнаған қақпашы жанкүйерлерге жылы қарсы алғаны үшін алғыс айтты. Кейін ол бұрынғы әріптестерін де  жеңіспен құттықтады, футболшыны клуб ойыншылары мен қызметкерлер жылы қабылдады.

Реклама
Реклама