"Елімай" УЕФА Конференция лигасына қатысуға ресми рұқсат алды

Бокс шолушысы
15.06.2026, 18:58

Клубтың мәліметінше, УЕФА барлық қажетті құжаттарды тексеріп, команданың турнир регламентіндегі талаптарға толық сай екенін растаған.

instagram/@fc_elimai

“Елімай” еурокубокқа қатысады

Семейліктер УЕФА Конференциясы лигасының 2026/27 маусымына ресми қатысушы атанды. Бұл туралы семейлік клубтың баспасөз қызметі хабарлады.

Клубтың мәлімдеуінше, УЕФА тарапынан ұсынылған құжаттарға жан-жақты тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде “Елімайдың” аталған еурокубок додасына қатысу үшін қойылатын барлық талапқа сәйкес келетіні расталды.

“Елімай” ФК УЕФА Конференциясы лигасының 2026/27 маусымына қатысуға ресми рұқсат алғанын қуана хабарлайды. УЕФА клуб ұсынған барлық құжатты мұқият қарап, жарыс регламентінде белгіленген талаптарға толық сай екенімізді растады. Осыған байланысты “Елімай” футбол клубы УЕФА Конференция лигасының 2026/27 маусымына ресми түрде қабылданды”, — делінген клуб хабарламасында.

Еске салайық, өткен маусымда “Елімай” Қазақстан Премьер-лигасында төртінші орын алып, Қазақстан атынан УЕФА Конференция лигасына қатысу құқығына ие болған еді.

Бұл нәтиже семейлік клуб үшін маңызды жетістік саналады. Команда енді еуропалық аренада ел намысын қорғауға мүмкіндік алды.

УЕФА шешімі дау-дамай кезінде жарияланды

“Елімайдың” еурокубокқа қатысуға рұқсат алғаны туралы жаңалық клуб пен төреші Арман Есмұратовқа қатысты дау өршіген тұста жарияланды.

Бұған дейін “Елімай” өз алаңында шымкенттік “Ордабасымен” кездесіп, 1:3 есебімен жеңілген. Матчтан кейін семейлік команданың бас бапкері Андрей Карпович бас төреші Арман Есмұратовтың әрекетіне шағымданды.

Карповичтің айтуынша, төреші ойын барысында оған балағат сөз айтып, командаға қатысты қоқан-лоқы көрсеткен.

Сонымен қатар “Елімайдың” жартылай қорғаушысы Жан-Али Пайруз да “Ордабасымен” өткен матчтан кейін бас төрешінің тәртібіне қатысты пікір білдірді. Футболшының сөзінше, Арман Есмұратов ойын кезінде командаға қатысты дөрекі сөздер айтқан. Сонымен бірге Пайруз өзінің алаңнан негізсіз қуылғанын мәлімдеді.

Реклама
Реклама