Абай облысының әкімі "Елімай" - "Ордабасы" матчындағы дауды ҚФФ президентімен талқылады

Бокс шолушысы

Берік Уәли Қазақстан Премьер-лигасының 13-турында өткен "Елімай" - "Ордабасы" матчынан кейін туындаған төрешілік дауға қатысты мәлімдеме жасады.

Абай облысының әкімі "Елімай" - "Ордабасы" матчындағы дауды ҚФФ президентімен талқылады
liter.kz

“Елімай” жанкүйерлерінен шағым түскен

Берік Уәлидің айтуынша, “Елімай” ФК жанкүйерлері тарапынан матчтан кейін көптеген шағым мен өтініш келіп түскен. Абай облысының әкімі көтерілген мәселелер жан-жақты қаралатынын және әділдік пен ашықтық қағидаттарының сақталуы үшін тиісті жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

“Кешеден бастап “Елімай” футбол клубының жанкүйерлерінен көптеген шағымдар мен өтініштер түсіп жатыр. Біз көтерілген мәселелердің мән-жайын жан-жақты зерттеп, әділдік пен ашықтық принциптерінің сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыс жүргіземіз”, — деп жазды Берік Уәли Facebook парақшасында.

Әкім ҚФФ президентімен сөйлесті

Осы жағдайға байланысты Берік Уәли Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровпен сөйлескенін мәлімдеді.

“Осыған байланысты мен Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровпен сөйлестім. Федерация басшысы барлық жағдай мұқият қаралатынын, арнайы комиссия құрылатынын және мәселе түпкілікті шешімге дейін жеткізілетінін хабарлады”, — деді әкім.

Берік Уәли облыстық әкімдік бұл жағдайды назарда ұстайтынын атап өтті. Оның айтуынша, әділдік мәселесіндегі ұстаным өзгеріссіз қалады.

Еске салайық, 14 маусым күні Қазақстан Премьер-лигасының 13-турында Семейде “Елімай” мен “Ордабасы” кездесті. Ойын 1:3 есебімен қонақтардың жеңісімен аяқталды.

Матчтан кейін төреші Арман Есмұратовтың әрекетіне байланысты үлкен дау туды. Семейлік клуб өкілдерінің мәлімдеуінше, бас төреші ойыншылар мен бапкерлер штабына қатысты дөрекі сөздер айтып, легионерлерге тіл тигізген және команда мүшелеріне қоқан-лоқы көрсеткен.

Клуб өкілдері төрешілік кезінде этика нормалары өрескел бұзылды деп есептейді. Кейін бұл жағдайға қатысты трибуналық бөлмеден түсірілген видеожазбалар тарағаны айтылды.