ӘЧ-2026: Германия 12 жылдан кейін алғаш рет топтық кезеңді жеңіспен бастады

Спорт шолушысы

Германия ұлттық құрамасы әлем чемпионатын сенімді жеңіспен бастап, Кюрасао командасын 7:1 есебімен ойсырата жеңді.

ӘЧ-2026: Германия 12 жылдан кейін алғаш рет топтық кезеңді жеңіспен бастады
Getty Images

E тобы аясындағы матч АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтті. Кездесу басынан-ақ Германия құрамасының толық басымдығымен өтті. Құрама сапынан Феликс Нмеча, Нико Шлоттербек, Кай Хаверц (екі гол), Джамал Мусиала, Натаниэль Браун және Дениз Ундав гол соқты. Ал Кюрасао командасының жалғыз голын Ливано Комененсия ойынның 21 минутында соқты.

12 жылдан кейінгі тарихи старт

Бұл жеңіс Германия үшін әлем чемпионаттарындағы ерекше көрсеткіш болды. Құрама соңғы рет 2014 жылғы турнирде алғашқы ойында жеңіске жеткен еді. Өйткені, 2018 және 2022 жылғы мундиальдарда немістер алғашқы матчтарды жеңіліспен бастаған болатын. Матчтың алғашқы таймында Германия қарсылас қақпасына 16 соққы бағыттады. Бұл 2006 жылдан бергі әлем чемпионаттарындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады. Енді команда 21 маусымда Кот-д’Ивуар құрамасына қарсы ойын өткізеді. 

Еске салсақ, Кюрасао құрамасы биыл алғаш рет әлем чемпионатына қатысып отыр. Команданы 78 жастағы Дик Адвокат бастап шықты, ол турнир тарихындағы ең жасы үлкен бапкерлердің бірі атанды.