"Ордабасы" ҚПЛ-дегі көшбасшылығын нығайтты (ВИДЕО)
Шымкенттіктер Қазақстан Премьер-лигасының 13-турында Семейде "Елімайды" тізе бүктірді.
Матч қалай өтті?
Кездесу алғашқы минуттардан-ақ тартысты басталды. Екі команда да шабуылға белсенді шығып, қарсылас қақпа маңында қауіпті сәттер ұйымдастырды.
Бірінші таймда есепті "Ордабасы" футболшысы Лео Натель ашты. Ол айып добын дәл орындады.
VAR "Елімайдың" голын есепке алмады
Екінші таймның басында алаң иелері қарқынын күшейтіп, есепті теңестіруге тырысты. Фессу Плакка қақпаны дәл көздегенімен төрешілер VAR жүйесін қарағаннан кейін голды есепке алмады.
Осыдан кейін "Ордабасы" басымдығын арттыра түсті. Давид Абагна есеп айырмасын ұлғайтты.
Матч соңында жанкүйерлер тағы екі голдың куәсі болды. "Елімай" сапынан Евгений Березкин көзге түссе, шымкенттік команда атынан Жасұлан Әмір қорытынды есепті тіркеді — 1:3.
Осы жеңістен кейін "Ордабасы" 31 ұпай жинап, Қазақстан Премьер-лигасының көшбасшылар қатарындағы орнын нығайтты. Шымкенттік клуб енді "Қайраттан" төрт ұпайға алда келеді әрі қорда бір ойыны бар.
Ал "Елімай" 20 ұпаймен алғашқы бестіктен шығып қалды.