Қазақстандық клубтардың еурокубоктағы алғашқы қарсыластары белгілі болды
УЕФА Чемпиондар лигасы мен Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңіне арналған жеребе Швейцарияның Ньон қаласында өтті.
"Қайрат" "Сутьескамен" кездеседі
Қазақстан атынан УЕФА Чемпиондар лигасында өнер көрсететін алматылық "Қайрат" алғашқы іріктеу кезеңінде Черногорияның "Сутьеска" клубымен ойнайды.
Бірінші матч 7 немесе 8 шілдеде Алматыда өтеді деп жоспарланған. Қарымта кездесу 14 немесе 15 шілдеде Никшич қаласында болады.
Бұл жұптағы жеңімпаз Чемпиондар лигасының келесі іріктеу кезеңіне жолдама алады.
"Астана" албаниялық клубқа қарсы ойнайды
Елордалық "Астана" УЕФА Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Албанияның "Динамо Сити" командасымен кездеседі.
Алғашқы ойын 9 шілдеде Тиранада өтеді. Ал жауапты матч 16 шілдеде Астанада ойналады.
"Елімай" еурокубоктағы дебютін Арменияда бастайды
Семейлік "Елімай" үшін бұл маусым тарихи болмақ. Клуб алғаш рет еурокубок бәсекесінде бақ сынайды.
Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңінде "Елімайдың" қарсыласы Арменияның "Алашкерт" командасы болды. Бірінші кездесу 9 шілдеде Ереванда, ал қарымта матч 16 шілдеде Семейде өтеді.