Португалияға Роналдусыз ойнаған тиімді ме? Сандар не дейді?

Футбол шолушысы
17.06.2026, 18:02

Бүгін Португалия Әлем чемпионатының топтық кезеңі аясында Конго ДР құрамасына қарсы ойын өткізеді. 

news.sportbox.ru

Криштиану Роналду үшін 2026 жылғы әлем чемпионаты алтыншы мундиаль болғалы тұр. 41 жастағы шабуылшы әлі де Португалия құрамасының негізгі ойыншыларының бірі саналады. Алайда соңғы жылдары ұлттық команда үшін оның пайдасы көп пе, әлде керісінше ойын құрылымын тежей ме деген сұрақ соңғы кездері жиі талқыға түсіп келеді. 

Фото: matchtv.ru

Португалия құрамасы ӘЧ-2026 турниріндегі ең сапалы әрі теңгерімді командалардың бірі ретінде бағаланады. Құрамда Еуропаның үздік клубтарында ойнайтын футболшылар көп: Диогу Кошта қақпада сенімді, Рубен Диаш қорғаныстың негізгі тірегі, Витинья, Жоау Невеш пен Нуну Мендеш "ПСЖ" сапында жоғары деңгейлі футбол көрсетті. Ал Бруну Фернандеш пен Бернарду Силва жартылай қорғаныста шығармашылық шешім қабылдай алатын ойыншылар саналады. 

Соған қарамастан, Португалияда бір үлкен мәселе бар: командада қазіргі футбол талаптарына толық сай келетін орталық шабуылшы аз. Бұл жағдай Роналду төңірегіндегі пікірталасты күшейтіп отыр.

Роналду әлі де гол соғып жүр

Криштиану Роналдудың әлі де нәтижелі ойын көрсетіп жүр. Роберто Мартинес кезеңінде Роналду 32 матчта 25 гол соқты. Бұл — оның ұлттық құрамадағы ең жоғары көрсеткіштерінің бірі.

Фото: Vesti.kz

Жалпы Мартинес тұсында Португалия 101 гол соқса, соның төрттен біріне жуығы Роналдудың еншісінде. Бұл көрсеткіш оның жасына қарамастан, айып алаңындағы басты қауіп көзі болып қала беретінін дәлелдейді.

Бұған қоса, Роналду алаңға шықпаған матчтарда Португалияның жеңіс пайызы төменірек. Дегенмен, мұндай кездесулер саны көп емес, сондықтан одан нақты әрі түбегейлі қорытынды шығару қиын.

Соған қарамастан, сыншылар бұл мәселеде басқа статистиканы алға тартады. Олардың айтуынша, капитансыз ойнаған кезде Португалия голды жиірек соғады. Бірақ бұл көрсеткіш те толығымен шындыққа жанаспайды.

Мәселен, Роналдусыз соғылған 31 голдың 9-ы Люксембургке қарсы ойында соғылды. Тағы бес гол Швеция қақпасынан, төрт гол Финляндия қақпасынан табылды. Яғни статистика бірнеше ірі жеңістің әсерінен бұрмалануы мүмкін.

Сондықтан Португалия Роналдусыз әлдеқайда тиімді ойнайды деген тұжырымды тек осы дерекке сүйеніп айту дұрыс емес.

Қазіргі футбол Роналдуға қиындық туғыза ма?

Басты мәселе Роналдудың есімінде емес, жасында. 41 жастағы шабуылшы бұрынғыдай жоғары қарқынмен прессинг жасай алмайды. Ал қазіргі футболда орталық шабуылшыдан тек гол соғу ғана емес, қорғанысты бірінші болып бастау, жылдам қозғалу және кеңістікті белсенді ашу талап етіледі.

Португалия құрамасының ойын үлгісінде де осы қайшылық байқалады. Командада техникалық деңгейі жоғары жартылай қорғаушылар көп. Бірақ алдыңғы шепте үздіксіз қозғалып, қарсылас қорғанысын ашатын жас әрі мобильді "тоғыздық" жетіспейді.

Гонсалу Рамуш классикалық орталық шабуылшы болғанымен, клубтық деңгейде тұрақты негізгі ойыншыға айнала алмады. Жоау Феликс те шабуылда еркін ойнағанды ұнатады, бірақ допсыз жұмыста әрдайым тиімді емес. Сондықтан Роберто Мартинес үшін таңдау жасау оңай емес.

Мартинес неге Роналдуға сенеді?

Португалия бас бапкері Роберто Мартинес Роналдудың тәжірибесін ерекше бағалайды. Оның айтуынша, ұлттық құрама сапында 21 жыл ойнау, 227 матч өткізу және жүздеген гол соғу — футбол тарихында сирек кездесетін жетістік.

Фото: transfermarkt.world

Мартинестің пікірінше, Роналду тек алаңдағы голдарымен ғана емес, жас ойыншыларға ықпалымен де маңызды. Капитанның үлкен турнирлердегі тәжірибесі Португалия үшін психологиялық фактор ретінде қарастырылады.

Бруну Фернандеш те Роналдуды қорғап жүр. Оның айтуынша, мәселені тек капитаннан іздеу дұрыс емес. Егер Португалия кейде өз әлеуетін толық көрсете алмаса, бұл сұрақ Роналдумен бірге алаңға шығатын басқа футболшыларға да қойылуы керек.

Еуро-2024 күмәнді күшейтті

Роналдуға қатысты сынның күшеюіне Еуро-2024 турнирі де әсер етті. Сол жарыста ол 23 соққы жасап, 3,6 xG жинағанымен, бірде-бір гол соға алмады.

Бұл көрсеткіш оның үлкен турнирлердегі тиімділігіне қатысты сұрақ тудырды. Роналду шабуылдың соңғы фазасында жиі шешім қабылдады, бірақ басты қаруы саналатын мүмкіндікті пайдалану жағынан сәтсіздікке ұшырады.

Осыдан кейін Португалияға Роналдудың орнына қозғалысы көп, жас орталық шабуылшы керек деген пікір күшейді.

Португалия үшін басты проблема — балама жоқтығы

Теория жүзінде Португалия Роналдусыз жылдамырақ, икемдірек және заманауи футболға жақынырақ ойнауы мүмкін. Бірақ іс жүзінде мәселе күрделірек. Құрамада Роналдудың орнын басатын, тұрақты гол соғатын және үлкен матчтарда жауапкершілік алатын орталық шабуылшы жоқ.

Фото: championat.com

Егер Португалияда Нуну Гомеш немесе Педру Паулета деңгейіндегі сенімді "тоғыздық" болса, бұл пікірталас басқаша өрбуі мүмкін еді. Бірақ қазіргі жағдайда Мартинес қолда бар құраммен жұмыс істеуге мәжбүр.

Реклама
Реклама