"Реал" Дастан Сәтпаевты қатарға қосқысы келген

Футбол шолушысы

"Қайрат" пен Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың "Челсиге" ауысуына қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. 

"Реал" Дастан Сәтпаевты қатарға қосқысы келген
instagram/@f.c.kairat

"Челсиден" бөлек "Реал" көз тіккен

Қазақстан футболының ең жарқын жас дарындарының бірі Дастан Сәтпаев еуропалық алпауыт клубтардың назарында болған. Бұған дейін оның "Челсиге" ауысатыны белгілі болса, енді шабуылшыны Мадридтың "Реалы" да бақылағаны айтылды.

Daily Mail мәліметінше, испаниялық маман Хаби Алонсо Сәтпаевтың ойынына ерекше назар аударған. Ол қазақстандық футболшыны 2025 жылдың қыркүйегінде Алматыда өткен Чемпиондар лигасының матчында көрген.

Ақпаратқа сүйенсек, Хаби Алонсо Дастан Сәтпаевты "Реалда" жұмыс істеп жүрген кезінде-ақ байқаған. Испаниялық бапкер жас шабуылшының жылдамдығы, доппен жұмыс істеуі және шабуылдағы шешім қабылдау қабілетіне назар аударған болуы мүмкін.

Матчтан кейін Алонсо "Қайрат" президенті Қайрат Боранбаевпен және команданың бас бапкері Рафаэль Оразбахтинмен сөйлескен.

Боранбаевтың айтуынша, испаниялық маман сол кезде мадридтік клубтың да Сәтпаевты бақылап жүргенін жеткізген. Бірақ қазақстандық футболшы үшін таласта "Челси" басым түскен.

"Челси" келісімді ертерек жасап үлгерген

Дереккөздің хабарлауынша, лондондықтар Дастан Сәтпаевтың трансфері бойынша алдын ала келісімді 2025 жылдың ақпан айында рәсімдеп қойған.

Келісім сомасы шамамен 3,5 миллион фунт стерлингке бағаланған. Бұл қазақстандық футбол тарихындағы жас ойыншы үшін жасалған ең ірі әрі маңызды трансферлердің бірі ретінде бағаланады. 

Сәтпаев ресми түрде "Челси" ойыншысы атану үшін кәмелеттік жасқа толуы тиіс. Ол 18 жасқа 12 тамызда толады. Осы күннен кейін қазақстандық шабуылшы лондондық клубтың толыққанды футболшысы ретінде тіркеле алады.

Сонымен қатар Daily Mail мәліметінше, Сәтпаев Лондонға келесі аптада аттанып, Хаби Алонсо жетекшілік ететін команданың маусым алдындағы дайындығына қатысуы мүмкін.