Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Айбол Әбікен "Қайсармен" қоштасты

Жекпе-жек шолушысы

Футболшы клубпен келісімшартын тоқтатып, мансабында жаңа қадам жасауға ниетті екенін айтты.

Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Айбол Әбікен "Қайсармен" қоштасты
instagram/@fckaysar_official

Айбол Әбікен "Қайсардан" кетті

Қызылордалық "Қайсардың" негізгі ойыншыларының бірі болған Айбол Әбікен клуб жанкүйерлеріне үндеу жасап, командадан кеткенін хабарлады. 30 жастағы жартылай қорғаушы бұл шешімнің оңай болмағанын, бірақ кәсіби мансабында жаңа белеске көтерілгісі келетінін жеткізді.

Футболшының айтуынша, тараптар арасында ешқандай түсініспеушілік болмаған. Керісінше "Қайсар" ойыншыны өз құрамында сақтап қалуға ниетті болған.

"Кету мәселесінде ешқандай қиындық болған жоқ. Әрине, “Қайсар” мені командада қалдырғысы келді. Бірақ мен мансабымда келесі қадам жасап, жаңа өзгеріс енгізуді жөн көрдім. Бұл өзімді басқа деңгейде сынап көруге мүмкіндік деп ойлаймын", — деп жазды Айбол Әбікен әлеуметтік желідегі парақшасында.

Мансабын "Қызылжарда" жалғастыруы мүмкін

Айбол Әбікеннің келесі клубы туралы да ақпарат тарады. Инсайдер Елдар Аманбаевтың мәліметінше, тәжірибелі жартылай қорғаушы еркін агент ретінде петропавлдық "Қызылжармен" келісімге келген.

Дегенмен футболшының ресми түрде таныстырылуы ФИФА тарапынан "Қызылжарға" салынған трансферлік тыйымның алынуына байланысты болуы мүмкін.

"Мендегі ақпарат бойынша, 30 жастағы хавбек еркін агент мәртебесінде петропавлдық “Қызылжарға” ауысуға келісті. Биылғы маусымда Әбікен Қазақстан чемпионатында 12 матч өткізіп, 3 гол соқты. “Қызылжардан” ФИФА-ның трансферлік баны алынғаннан кейін футболшы солтүстікқазақстандық клубтың ойыншысы ретінде ресми таныстырылуы мүмкін. Бірақ бір маңызды жайт бар: Айболға ҚПЛ-дың тағы екі клубы қызығушылық танытып отыр", — деп жазды инсайдер.

Айбол Әбікеннің биылғы көрсеткіші

Әбікен 2024 жылғы маусымда "Қайсар" сапында Қазақстан Премьер-лигасында 12 ойынға қатысып, 3 гол соқты. Жартылай қорғаушы қызылордалық клубтың орта алаңындағы маңызды ойыншыларының бірі болды.

Әбікен бұған дейін Қазақстан құрамасына да шақырту алған. Оның тәжірибесі мен алаңдағы әмбебаптығы ҚПЛ клубтары үшін маңызды фактор саналады.