"Сынға үйреніп қалдым". Криштиану Роналду хейтерлерге жауап берді
Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду әлем чемпионатындағы сәтсіз бастамадан кейін айтылған сынға пікір білдірді.
ӘЧ-2026 турнирінің алғашқы турында Португалия Конго ДР-мен 1:1 есебімен тең түскен еді. Алайда екінші кездесуде португалиялықтар Өзбекстан құрамасын 5:0 есебімен ойсырата жеңіп, топтағы жағдайын жақсартты. Роналду бұл матчта дубль авторы атанды.
“Бұл оңай апта болған жоқ. Әсіресе маған көп сын айтылды. Футболда жүргеніме 23-24 жыл болды, мұндай жағдайларды қалай қабылдау керектігін білемін. Ең бастысы - команда, бірлік және отбасының қолдауы , соны ғана бақылай аламыз. Нашар ойнағанда бізді үнемі сынайтынын білеміз, әсіресе мені, бірақ мен бұған үйреніп қалдым”, – деді шабуылшы.
Тарихи рекорд орнатты
Өзбекстанға қарсы кездесуде гол соққан Роналду әлем чемпионаттарының тарихында алты түрлі мундиальда мергендік танытқан футболшы атанды. Ол бұл жетістікке 2006, 2010, 2014, 2018, 2022 жылдардағы әлем біріншіліктерінде қол жеткізген. Сонымен қатар, Роналдудың ӘЧ-дағы жеке көрсеткіші 10 голға жетіп, шабуылшы Португалия құрамасының тарихындағы ең нәтижелі ойыншысына айналдырды.
Жеңістен кейінгі ерекше сәт
Өзбекстан қақпасына алғашқы голын соққаннан кейін Роналду дәстүрлі мерекелеуін бірден жасамады. Оның орнына капитан командаластары мен бас бапкер Роберто Мартинесті құшақтады. Бұл әрекет соңғы күндері командаға бағытталған сынға берілген жауап ретінде бағаланды.
Әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі соңғы турда Португалия құрамасы Колумбиямен кездеседі, матч 28 маусымға қараған түні өтеді.