Карповичке кешірім жоқ: ҚФФ "Елімай" бас бапкерінің өтінішін қабылдамады
Семейліктердің бас бапкері Андрей Карпович пен футболшы Жан Әли Пайруз жуырда 4 матчқа шеттетілген еді.
Қазақстан футбол федерациясының жанындағы Бақылау, тәртіптік және этикалық комитетінің отырысы өтіп, "Елімай" ФК бас бапкері Андрей Карповичтің өтінішін қарады.
Даудың басы
Еске сала кетсек, ҚПЛ-дің 13-турында Семейде "Елімай" мен "Ордабасы" кездесіп, шымкенттіктердің жеңісінен кейін матч соңы үлкен дауға ұласқан еді. Тіпті, осы ойынға төрелік еткен маман балағат сөз айтқаны үшін 5 тәулікке де қамалған болатын. Ал, семейліктердің бас бапкері Андрей Карпович және футболшы Жан Әли Пайруз 4 матчқа шеттетілді.
Тәртіптік комитеттің отырысында Карпович пен Пайруздың "дисквалификацияны ішінара тоқтату" туралы өтініші қаралды. Алайда, комиссия өкілдері қолданылған жазаның орынды екенін айтып, екеуінің де өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.