"Әділдікті талап етеміз". "Елімай" жанкүйерлері ҚФФ-ке үндеу жолдады

Бас редактор
Бүгін, 16:05

Олар бас бапкер Андрей Карпович пен футболшы Жан-Али Пайрузға берілген төрт матчтық дисквалификация мәселесін қайта қарауды талап етіп отыр. 

sportarena.kz

Семейлік "Елімай" клубының жанкүйерлері Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровқа ашық үндеу жариялады. Олар бас бапкер Андрей Карпович пен футболшы Жан-Али Пайрузға берілген төрт матчтық дисквалификацияны әділетсіз деп санайды.

"Елімай" жанкүйерлерінің бірлестігі ҚФФ шешіміне наразылық білдіріп, жазаны қайта қарауды сұрады. Олардың пікірінше, клуб УЕФА Конференция лигасындағы тарихи матчтарға дайындалып жатқан кезде мұндай санкция командаға ауыр соққы болып отыр.

Фанаттардың айтуынша, Карпович те, Пайруз да ресми тұлғаларды балағаттамаған және мұндай қатаң жазаға лайық әрекет жасамаған.

"Біздің ойымызша, бұл жаза негізсіз, жасалған әрекетке сай келмейді әрі әділетсіз. Андрей Карпович та, Жан Әли Пайруз да бейәдеп сөз қолданған жоқ, ресми тұлғаларды қорлаған жоқ және мұндай қатаң жазаға лайық ешқандай әрекет жасаған жоқ.

Марат Талғатұлы, Сіз Семейдің тумасысыз. Сондықтан туған қалаңыз бен бүкіл Абай өңірі үшін ең маңызды сәтте дәл Федерация тарапынан командамызға ауыр соққы болған осындай шешімнің қабылдануы бізге мүлде түсініксіз", — делінген үндеуде.

VAR бөлмесіндегі видеоға қатысты сұрақ бар

Жанкүйерлер шешім қабылдауға VAR бөлмесінен алынған видео негіз болғанын да атап өтті. Олардың ойынша, мұндай материал жалпыға қолжетімді болмауы керек еді.

"Шешім қабылдауға негіз болған дәлел — VAR бөлмесінен түсірілген бейнежазба. Ал мұндай материалдың өзі жалпыға қолжетімді кеңістікке таралмауы тиіс еді", — деп жазды жанкүйерлер.

"Елімай" Еурокубок матчтарына дайындалып жатыр

Семейлік клуб жанкүйерлері "Елімайдың" алғаш рет УЕФА Конференция лигасына шыққанын ерекше атап өтті. Олардың сөзінше, бұл — Семей мен бүкіл Абай облысы үшін көптен күткен тарихи оқиға. Алайда команда дәл осындай маңызды кезеңде бас бапкерсіз дайындалуға мәжбүр. Ал негізгі ойыншылардың бірі ойын тәжірибесінен қағылып отыр.

"Біз заңнан тыс ештеңе, қандай да бір жеңілдік немесе артықшылық сұрамаймыз. Біз тек әділдікті талап етеміз.

Бүгінде бүкіл Семей мен Абай облысы "Елімайдың" Арменияның Ереван қаласына сапарын үлкен үмітпен күтуде. Қазақстан Еуропада ең мықты құрамымен өнер көрсетеді, ал туған Федерация еліміздің намысын қорғайтын клубтарды әлсіретпей, керісінше қолдайды деп сенгіміз келеді.

"Елімай" өз тарихында алғаш рет УЕФА Конференция лигасына шықты. Бұл — өңір тұрғындары ұзақ жыл күткен оқиға. Алда тарихи матчтар тұр, бірақ команда оларға бас бапкерінсіз дайындалуға мәжбүр, ал маңызды футболшылардың бірі ойын тәжірибесінсіз қалды", — делінген мәлімдемеде.

Даудың басы "Елімай" — "Ордабасы" матчынан басталды

Еске салайық, дау Семейде өткен "Елімай" — "Ордабасы" матчынан кейін басталған. Кездесу шымкенттік клубтың 3:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды.

Ойыннан соң "Елімай" бас бапкері Андрей Карпович төреші Арман Исмұратовтың өзіне балағат сөз айтып, командаға қоқан-лоқы көрсеткенін мәлімдеді.

Кейін жартылай қорғаушы Жан-Али Пайруз да "Ордабасыға" қарсы матчтан кейін бас төрешінің командаға қатысты орынсыз әрекеті, былапыт сөзі және негізсіз қызыл қағаз туралы айтты.

Төреші де жазаланды

Кейін Арман Исмұратов Семейдегі 13-тур матчы аяқталғаннан кейін балағат сөз айтқаны үшін бес тәулікке қамауға алынғаны хабарланды.

Сонымен қатар ҚФФ функционерлері төреші Исмұратов пен "Елімай" бапкері Андрей Карповичке қатысты тәртіптік шешім қабылдады.

Реклама
Реклама