Трамптың қоңырауынан кейінгі дау. УЕФА ФИФА-ға қарсы мәлімдеме жасады
УЕФА АҚШ құрамасының шабуылшысы Фоларин Балогунның дисквалификациясының күшін жою туралы ФИФА шешімін қатаң сынға алды.
Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының мәлімдеуінше, футболдағы барлық жарыс ортақ ережелерге негізделуі тиіс және оларды турнир барысында өзгертуге немесе жекелеген ойыншылар үшін ерекшелік жасауға болмайды.
“Кешегі шешім барлық шектен шықты. Футбол кез келген спорт түрі сияқты, әділ әрі ашық бәсекенің негізі саналатын ережелерге сүйенеді. Кейде ережелерді басқаша түсіндіруге болады. Бірақ бұл жағдайда ондай мүмкіндік жоқ. Қызыл қағаз алған футболшының кемінде бір матчқа автоматты түрде шеттетілуі – міндетті талап және ол ешқандай қосымша шешімді қажет етпейді. Турнир барысында бұған дейін дәл осындай жағдайда басқа ойыншылар да жазасын өтеді. Сондықтан бұл ережеден ерекшелік жасауға болмайды”, – делінген УЕФА мәлімдемесінде.
Ұйым сондай-ақ мұндай шешім футболдағы әділдік қағидатына нұқсан келтіріп, жарыстың беделіне кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
Бельгия апелляциясы
Бұған дейін БАҚ-та АҚШ президенті Дональд Трамптың ФИФА президенті Джанни Инфантиноға бірнеше мәрте хабарласып, Балогунның дисквалификациясын қайта қарауды сұрағаны туралы ақпарат тараған болатын. Осыдан кейін Бельгия футбол қауымдастығы ФИФА шешіміне ресми түрде апелляция түсірді. Алайда әзірге ұйымға дисквалификацияны жоюдың нақты себептері түсіндірілмеген.
Сонымен қатар Бельгия тарапы қажет болған жағдайда бұл мәселеге байланысты ФИФА-ға қарсы сотқа жүгіну мүмкіндігін де қарастырып жатыр. ФИФА-ның бұрынғы президенті Йозеф Блаттер де футболшыға қатысты қабылданған шешімді сынға алған болатын.