"Ордабасы" ҚПЛ-2026 маусымындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады (ВИДЕО)
Чемпионат көшбасшысы 17-турда Ақтаудың "Каспий" командасына 2:3 есебімен жол берді.
Ақтаулық команда матчтың алғашқы бөлігінде Александр Климовичтың арқасында есеп ашты. Бірақ үзіліске дейін норвегиялық шабуылшы Берн Йонсен таразы басын теңестірді.
Екінші таймда алаң иелері шабуылдағы белсенділігін күшейтті. Рамазан Абылайхан мен Сила Кеба бір-бір голдан соғып, "Каспийге" екі доп айырмасымен басымдық сыйлады.
Кездесу соңында Жасұлан Әмір есеп айырмасын қысқартқанымен шымкенттік команда жеңілістен құтыла алмады.
Бұл нәтиже "Ордабасының" ҚПЛ-2026 маусымындағы алғашқы жеңілісі болды. Шымкенттік клуб 40 ұпаймен Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде бірінші орында қалды.
Ал 17 ұпай жинаған ақтаулықтар маңызды жеңістің арқасында төменгі орыннан көтеріліп, қауіпті аймақтан шықты.