Дастан Сәтпаев пен Коул Палмердің суреті "Челси" жанкүйерлерін тәнті етті

Футбол шолушысы
17.07.2026, 18:03

Лондондық "Челсидің" жанкүйерлік CFCJnR парақшасы Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың ағылшын клубындағы жолына назар аударды.

instagram.com/legionkzz/

Қарапайым кездесуден бір командаға дейін

Алғашқы фотода жас Дастан Сәтпаев “Челсидің” базасына барған кезінде Коул Палмермен естелік суретке түскен. Екінші кадрда қос футболшы жаттығудан кейін жеңіске жеткен бір команданың құрамында бірге тұр.

“Қарапайым таныстықтан бірге ойнап, жеңіске жетуге дейін”, – деп жазды жанкүйерлік аккаунт.

Бұл жарияланым “Челси” жанкүйерлерінің ерекше қызығушылығын тудырып, көпшілік Сәтпаевтың қысқа уақыт ішінде қол жеткізген жетістігін жоғары бағалады.

Сәтпаев “Челсидің” негізгі құрамымен жаттығып жүр

Бұған дейін қазақстандық шабуылшы лондондық клубтың Кобхэмдегі жаттығу базасында қаралымнан өткен. Сол кезде өзін жақсы қырынан көрсетіп, негізгі құрам ойыншыларымен, оның ішінде Коул Палмермен де танысқан.

Қазір Дастан Сәтпаев “Челси” футболшыларымен бірге толыққанды жаттығуға қатысып жүр. Команданы Хаби Алонсо жаттықтырады.

Жаттығулардың бірінен кейін қазақстандық футболшы жеңіске жеткен топтың ортақ суретіне енді. Фотода Сәтпаевпен қатар Коул Палмер, Уэсли Фофана және Жоао Педро да бар.

Осылайша жас шабуылшы аз уақыт ішінде “Челси” жұлдыздарымен естелік суретке түскен қонақтан олармен бір алаңда доп тепкен командаласқа дейінгі жолдан өтті.

Дастан Сәтпаев “Челсиге” қашан ауысады?

Дастан Сәтпаевтың алматылық “Қайраттан” “Челсиге” ресми трансфері футболшы 18 жасқа толғаннан кейін жүзеге асады.

Қазақстандық шабуылшы 2026 жылғы 12 тамызда кәмелет жасына толады. Трансфер құны бонустарды қоса есептегенде шамамен төрт миллион еуроға бағаланып отыр.

Реклама
Реклама