Самат Смақов ұлттық құрама тізгінін ұстауға үміткер
Қазақстан футболының белгілі өкілі Самат Смақов ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне үміткерлер қатарында екені хабарланды.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне қатысты жаңа ақпарат шықты. 47 жастағы қазақстандық маман Самат Смақов бұл лауазымға үміткерлердің бірі ретінде қарастырылып жатыр. Бұл туралы KazFootball.kz хабарлады.
Дегенмен бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ. Қазақстан футбол федерациясы немесе ұлттық құрама тарапынан нақты хабарлама жарияланбады.
Самат Смақов жақында "Тұран" клубының бапкерлер штабынан кетті. Ол бұл командада бас бапкердің көмекшісі қызметін атқарған. Осыдан кейін оның алдағы мансаптық бағыты туралы түрлі болжамдар айтыла бастады.
Жалпы Самат Смақов бапкерлік және басқарушылық қызметте Қазақстан футболындағы бірнеше клубта еңбек етті. Бұған дейін "Жетісу" мен "Елімай" клубтарын басқарған. Сонымен қатар "Астанада" техникалық директор, "Ақтөбеде" спорт директоры қызметтерін атқарды. "Жеңіс" және "Ордабасы" клубтарының бапкерлер штабында да жұмыс істеді.