"Жеңістің" уақытша бас бапкері белгілі болды
Астаналық "Жеңіс" футбол клубында бас бапкер міндетін уақытша Антон Чичулин атқарады.
Чичулин негізгі команданы қабылдайды
Елордалық клубтың басшылығы бас бапкер қызметін уақытша Антон Чичулинге сеніп тапсыру туралы шешім қабылдады. Қазір маман “Жеңістің” қосалқы құрамымен жұмыс істейді.
Чичулин негізгі команданы клуб тұрақты бас бапкерді ресми түрде тағайындағанға дейін жаттықтырады.
Бұл өзгеріс “Жеңістің” Әли Әлиевпен ынтымақтастығын тоқтатуынан кейін жасалды. Бұған дейін клуб басшылығы бапкермен кездесу өткізіп, келіссөз нәтижесінде тараптар еңбек шартын мерзімінен бұрын бұзуға уағдаласқан.
Владимир Слишкович негізгі үміткер атанды
Команданың жаңа бас бапкері қызметіне басты үмікер ретінде босниялық маман Владимир Слишкович қарастырылып жатыр. Дереккөз мәліметінше, клуб пен жаттықтырушы арасындағы келіссөздер соңғы кезеңге жеткен. Егер тараптар ортақ келісімге келсе, Слишкович жақын уақытта “Жеңістің” тізгінін ұстауы мүмкін.
Қазір астаналық команда Қазақстан Премьер-лигасының турнир кестесінде 23 ұпаймен сегізінші орында тұр.