35 мыңнан 45 мыңға дейін: Алматыдағы жаңа стадионның жобасы өзгерді
Алматыда салынып жатқан жаңа футбол стадионы 2028 жылдың наурызында пайдалануға беріледі.
Жаңа стадионды тапсыру мерзімі шегерілді
Қала әкімдігінің жаңартылған мәліметіне сәйкес, Құлжа және Талғар күре жолдарының бойында бой көтеріп жатқан футбол аренасының құрылысы 2028 жылдың наурызында аяқталады.
Алғашқы жоспар бойынша нысан 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға берілуге тиіс болған. Осылайша стадионның ашылу мерзімі бірнеше айға кейінге шегерілді.
Жобаға енгізілген өзгерістерден кейін жаңа аренаның сыйымдылығы да ұлғайтылды. Бастапқыда стадион 35 мың жанкүйерге есептелген. Кейін орын санын 45 мыңға дейін көбейту туралы шешім қабылданды. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін Алматыдағы жаңа стадион көрермен сыйымдылығы жағынан Қазақстандағы ең үлкен спорт аренасына айналады.
УЕФА талаптарына сай салынады
Жаңа спорт кешені шамамен 32 гектар аумақта орналасады. Стадион УЕФА-ның төртінші санатына қойылатын талаптарға толық сәйкес болады деп жоспарланған.
Бұл санаттағы аренада халықаралық деңгейдегі футбол матчтарын, еурокубок ойындарын және басқа да ірі спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік бар.
Негізгі стадионнан бөлек, кешен аумағында бірнеше қосымша инфрақұрылым нысаны бой көтереді. Олардың қатарында:
- футболшыларға арналған жаттығу алаңдары;
- командалар мен спортшыларға арналған бөлмелер;
- жанкүйерлерге қызмет көрсететін арнайы аймақтар;
- заманауи қауіпсіздік жүйелері бар.
Сонымен қатар стадион маңындағы аумақ абаттандырылып, оған апаратын жол инфрақұрылымы жаңартылады.