Астанада ПСЖ академиясы ашылады

Бокс шолушысы
Бүгін, 18:15

Францияның әйгілі "Пари Сен-Жермен" клубы Қазақстанда футбол академиясын ашатынын ресми түрде хабарлады.

NUR.KZ

Академия қыркүйекте жұмысын бастайды

Париждік клубтың баспасөз қызметі Қазақстанда ПСЖ футбол академиясы ашылатынын мәлімдеді. Балаларды оқыту мен жаттықтыру үдерісі 2026 жылдың қыркүйегінде басталады деп жоспарланған.

Академияға 6 жастан 14 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Алғашқы кезеңде орталықта 300-ге жуық жас футболшының жаттығуына мүмкіндік жасалмақ. Қазақстандағы ПСЖ академиясының негізін қалаушы – Алмаз Әлсенов.

Қазақстан франциялық клубтың халықаралық академиялар желісіне қосылған әлемдегі 24-мемлекет болды. Алдағы уақытта ПСЖ футбол мектептерінің бөлімшелерін елдің басқа қалаларында да ашу көзделіп отыр. Академияда жас ойыншылар париждік клуб әзірлеген футболшыларды даярлау бағдарламасы бойынша жаттығады.

ПСЖ Қазақстандағы балалар футболына баға берді

Франциялық клуб елде футболға қызығушылықтың артып, спорттық инфрақұрылымға салынатын инвестиция көлемінің ұлғайғанын атап өтті.

“Қазір балалардың футболға белсенді араласуы және спорт инфрақұрылымына инвестицияның көбеюі нәтижесінде бұл спорт түрі Қазақстан бойынша қарқынды дамып келеді. ПСЖ академиясының Қазақстанда ашылуы осы оң үдерістің жалғасы саналады. Жоба жергілікті ойыншыларға әлемдегі ең танымал футбол даярлау бағдарламаларының бірін ұсына отырып, балалар мен жасөспірімдер футболының ұзақ мерзімді дамуына үлес қосуды көздейді”, – делінген клубтың ресми мәлімдемесінде.

Бұған дейін Алматы облысында мадридтік “Атлетиконың” футбол академиясы ашылған.
 

Реклама
Реклама