Самат Смақов ұлттық құрамадағы бапкерлік қызметі туралы мәлімдеме жасады

Спорт шолушысы
Бүгін, 14:30

Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны әрі бапкер Самат Смақов ұлттық құраманың тізгінін ұстауы мүмкін деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

instagram/samat_smakov

Маман Sports24.kz басылымына берген сұхбатында Қазақстан футбол федерациясы тарапынан оған ешқандай ұсыныс түспегенін айтты.

“Маған бәрі хабарласып, құттықтап жатыр. Бірақ мен де барлығы сияқты бұл ақпаратты әлеуметтік желіден көрдім. Шынымды айтсам, менімен ешкім байланысқа шыққан жоқ. Өзім де бұл туралы жаңалықтардан білдім”, – деді Смақов.

Ұлттық құраманы баптауға дайын ба?

Самат Смақов сұхбатта Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне қатысты ойын нақты айтпады.

“Шынымды айтсам, бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Бұл туралы мүлде ойланған емеспін”

Сондай-ақ Смақов “Тұран” клубындағы қызметінен кетуінің себебіне тоқталды. Оның сөзінше, бұл шешім алдын ала жасалған келісім негізінде қабылданған.

“Жұмысқа кіріскен кезде бапкерлік штабпен, бас бапкер және клуб басшылығымен белгілі бір келісім болған. Виктор Кумыковтың денсаулығына байланысты мәселелер болғандықтан, тамыздың басына дейін командаға көмектесемін деп келіскенбіз. Кейін бәріміз ақылдасып, әрі қарай команда менсіз де қойылған міндетті орындай алады деген шешімге келдік”, – деді маман.

Самат Смақов жақында ғана “Тұран” клубының бас бапкерінің көмекшісі қызметінен кетті. 

Реклама
Реклама