Футболдан ұлттық құраманың жаңа бас бапкері белгілі болды
Қазақстан құрамасының тізгінін нидерландық маман Джон ван ’т Схип ұстады.
Келісімшарт қашан жасалады?
Қазақстан футбол федерациясы Атқарушы комитетінің отырысы алдағы күндері өтеді. Басқосу қорытындысы бойынша Джон ван ’т Схиппен ресми келісімшартқа қол қою жоспарланып отыр.
Осылайша тәжірибелі нидерландылық маман Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері атанбақ.
Джон ван ’т Схип футболшы ретінде Еуропадағы танымал клубтарда өнер көрсеткен. Амстердамның “Аякс” және Италияның “Дженоа” клубының намысын қорғады. Сонымен қатар Нидерланд құрамасында ойнап, ұлттық команда сапында ірі жетістікке жетті. Ван ’т Схип 1988 жылы Еуропа чемпионы атанған Нидерланд құрамасының мүшесі болды.
Бапкерлік мансабы
Ван ’т Схип бапкерлік жолын өзі ұзақ жылдар өнер көрсеткен “Аякс” жүйесінде бастады.
Әр жылдары ол “Аякс”, “Твенте”, “Зволле”, мексикалық “Гвадалахара”, австралиялық “Мельбурн Сити” клубтарын жаттықтырды. 2016 жылы “Мельбурн Ситимен” бірге Австралия кубогын жеңіп алды.
Ван ’т Схиптің ұлттық құрамалармен жұмыс істеу тәжірибесі де бар. Ол бұған дейін Грекия және Армения құрамаларын басқарған.
Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы
Қазақстан құрамасының жаңа бапкерлер штабына жергілікті мамандар да енеді.
Бапкерлер құрамы:
- Джон ван ’т Схип – бас бапкер;
- Нұрбол Жұмасқалиев – бас бапкердің көмекшісі;
- Елдос Ахметов – бас бапкердің көмекшісі;
- Юрий Новиков – қақпашылар бапкері;
- Вадим Боровский – дене дайындығы бойынша бапкер;
- Тимур Құсайынов – аналитик.

Енді Джон ван ’т Схиптің Қазақстан құрамасындағы жұмысының ресми басталуы үшін ҚФФ Атқарушы комитетінің шешімі қажет.