Дастан Сәтпаев АПЛ сайтында "Челси" құрамына енгізілді
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Англия Премьер-лигасының ресми сайтында "Челсидің" 2026/27 маусымдағы бірінші команда ойыншыларының қатарына қосылды.
Сәтпаев "Челси" шабуылшыларының тізімінде
АПЛ-дың ресми сайтындағы лондондық клубтың құрамына арналған парақшада 18 жастағы қазақстандық футболшы шабуылшылар бөлімінде көрсетілген.
Сәтпаевтың есімінің жанында Қазақстан туы мен 36-нөмір белгіленген. Сонымен қатар Премьер-лига сайтында ойыншыға жеке профиль ашылып, онда "Челсидің" шабуылшысы ретінде таныстырылған.

Дегенмен Сәтпаевтың АПЛ сайтындағы "Челси" құрамында көрінуі оның клубтың маусымға арналған негізгі 25 футболшысының ресми тізіміне міндетті түрде енгенін білдірмейді.
Қазақстандық шабуылшы 21 жасқа дейінгі ойыншылар санатына жатады. Мұндай футболшылар Премьер-лига ережесі бойынша негізгі 25 орынның бірін алмайды және команда оларды бөлек тіркей алады.
Сондықтан Сәтпаевтың маусым барысында Англия чемпионатында алаңға шығу мүмкіндігі бар болғанымен нақты матчтарға қатысуы "Челсидің" бапкерлер штабының шешіміне байланысты болады.
Маусымдық тізім өзгеруі мүмкін
Ағылшындық клубтардың түпкілікті құрамы әзірге толық қалыптасып болған жоқ. Англиядағы жазғы трансферлік кезең 1 қыркүйекте аяқталады.
Осыдан кейін Премьер-лига клубтары маусымға арналған жаңартылған тізімдерін қайта ұсынады. Демек "Челсидің" қазіргі құрамында да өзгерістер болуы ықтимал.
Сәтпаевтың профилінде "Фулхэммен" матч көрсетілген
Премьер-лига сайтындағы Дастан Сәтпаевтың жеке парақшасында "Челсидің" алдағы кездесуі ретінде 24 тамызда "Фулхэмге" қарсы өтетін Англия чемпионатының матчы көрсетілген.
Бірақ бұл ақпарат қазақстандық футболшы сол ойында міндетті түрде алаңға шығады дегенді білдірмейді. Матчтық өтінімге енгізу мәселесін команда жаттықтырушылары шешеді.