"Барселона" Родри бойынша "Ситимен" келісімге келді
"Манчестер Ситидің" жартылай қорғаушысы әрі Испания құрамасының капитаны Родри мансабын "Барселонада" жалғастыруға жақын.
"Барселона" мен "Манчестер Сити" Родридың трансферін келісті
Бұл туралы белгілі инсайдер Фабрицио Романо X әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады. Екі клуб 2024 жылғы "Алтын доп" иегері Родридың ауысуына қатысты негізгі шарттар бойынша ортақ мәмілеге келген.
Осылайша Испания құрамасының капитаны алдағы уақытта каталониялық клубтың ойыншысы атануы мүмкін.
"Манчестер Ситидегі" статистикасы
Родри "Манчестер Сити" сапында 2019 жылдың жазынан бері өнер көрсетіп келеді. Өткен маусымда барлық турнирді қосқанда 33 матчқа қатысып, екі гол соқты. Футболшының манчестерлік клубпен қазіргі келісімшарты 2027 жылдың жазына дейін жарамды.
Transfermarkt порталының мәліметі бойынша, Родридің қазіргі нарықтық құны 55 миллион еуроға бағаланады.Айта кетейік, Родри соңғы жылдары "Манчестер Ситидің" негізгі ойыншыларының бірі саналып, Испания құрамасында да маңызды рөл атқарып келеді.