Самат Смақовтың ұлы "Бешікташ" сапында дебют голын соқты (ВИДЕО)
18 жастағы Аламгир Смақов Түркияның әйгілі "Бешікташ" клубындағы алғашқы ресми кездесуінде гол соқты.
Алғашқы матчтағы гол
Қазақстан жасөспірімдер құрамасының ойыншысы Аламгир Смақов "Бешікташтың" жастар командасы сапындағы алғашқы турда-ақ мергендігімен көзге түсті. Ол "Эюпспорға" қарсы кездесуде гол авторы атанды.
Смақов бұған дейін "Бешікташ" жастар құрамымен бес жолдастық кездесуге қатысып, екі рет қарсылас қақпасын дәл көздеген.
Аламгир Смақов кім?
Аламгир Смақов – "Қайрат" академиясының түлегі. Алматылық клубтың жүйесінде Қазақстан футболының тағы бір жас жұлдызы Дастан Сәтпаевпен бірге дайындалған. Аламгир соңғы маусымда "Қайрат-Жастар" сапында Бірінші лигада өнер көрсетіп, 7 матчта 4 гол соқты.
Сонымен қатар жас жартылай қорғаушы Қазақстан кубогында екі кездесуге қатысты. Турнирдің 1/8 финалында негізінен жас футболшылардан құралған "Қайрат" Премьер-лигада ойнайтын "Қайсарға" лайықты қарсылық көрсетті.
QJ League чемпионы атанды
Смақов бұған дейін де нәтижелі ойынымен көзге түскен. Ол өткен маусымда Freedom QJ League турнирінде 20 матч өткізіп, 9 гол соғып, 7 нәтижелі пас берген. Осылайша Аламгир маусымды 16 нәтижелі әрекетпен аяқтады.
Оның көмегімен "Қайраттың" U-18 командасы чемпиондық атақты жеңіп алды.
Аламгир Смақов Қазақстанның 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасына да шақырту алып жүр. Маусым айында ұлттық команда сапында үш кездесу өткізді. Қазақстандық жасөспірімдер Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Сербияны 3:1 есебімен жеңді. Португалиямен 1:1 есебімен тең түссе, Грекиядан 2:4 есебімен ұтылды.
Неліктен "Бешікташта" бұрын ойнай алмады?
Аламгир үшін "Бешікташ" бөтен команда емес. Қазақстандық футболшы 2024 жылы бірнеше ай бойы түрік грандының академиясында жаттығу өткізген. Бірақ ол кезде Смақов ресми матчтарға қатыса алмады. Бұған ФИФА-ның кәмелетке толмаған футболшылардың халықаралық трансферіне қатысты ережесі кедергі болған еді.
Енді Аламгир "Бешікташтың" жастар командасында тұрақты түрде өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
Аламгир – Самат Смақовтың ұлы
Аламгир Смақов – Қазақстан футболының танымал өкілі Самат Смақовтың ұлы.
Самат Смақов ұлттық құрама сапында өткізген матчтар саны бойынша Қазақстан футболының рекордшыларының бірі. Ол 8 тамызда "Атырау" клубының бас бапкері қызметіне кірісті.
Бір қызығы, Смақовтар әулеті үшін Түркия футболы да таңсық емес.
Самат Смақов 2013 жылы Түркияның "Ризеспор" клубында өнер көрсетіп, команданың ел Суперлигасына жолдама алуына көмектескен.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.