Нанидың 12 жастағы ұлы Роналдудың академиясына қабылданды
"Ақтөбе" ФК португалиялық шабуылшысы Луиш Нанидың ұлы Лукас Кунья футболдағы мансабын Лиссабонның әйгілі "Спортинг" академиясында жалғастырады.
Лукас Кунья "Криштиану Роналду академиясына" қабылданды
12 жастағы Лукас Кунья "Спортингпен" ресми түрде оқу-жаттығу келісімшартына қол қойды. Осылайша ол португалиялық клубтың "Криштиану Роналду академиясында" білім алып, футбол шеберлігін шыңдайды.
Noticias ao Minuto мәліметінше, Нани осы маңызды сәтке байланысты өзі түлеп ұшқан академияға арнайы барған.
Жас футболшы алдағы уақытта "Спортингтің" 15 жасқа дейінгі командасында өнер көрсетеді.
U15 командасында ойнайды
Лукас небәрі 12 жаста болғанына қарамастан клуб мамандары оның әлеуетін жоғары бағалап отыр. Сондықтан Нанидың ұлы өзінен бірнеше жас үлкен футболшылармен бірге жаттығып, U15 деңгейінде матчтарға қатысады.
"Спортинг" бапкерлері жас ойыншының техникалық қабілеті мен футболдық қасиеттеріне ерекше назар аударған.
Айта кетейік, Лукас Кунья үшін бұл академия бөтен емес. Ол футболдағы алғашқы қадамын дәл "Спортинг" жүйесінде бастаған. Кейін әкесі құрған Nani Football Academy мектебінде дайындалды.
Нани де "Спортинг" түлегі
Луиш Нанидың кәсіби мансабы да лиссабондық клубпен тығыз байланысты. Португалиялық футболшы "Спортинг" академиясында тәрбиеленіп, негізгі командаға дейін жеткен.
Нани 2007 жылы "Спортингтен" "Манчестер Юнайтедке" ауысып, мансабындағы ең табысты кезеңдерінің бірін өткізді.
Ал 2026 жылдың қаңтарында "Ақтөбе" клубымен келісімшартқа отырған.