ҚПЛ 27-тур
Жарнама
Жарнама
Аты дауға қалған "Челсидің" қожайыны клубтан кетті
football365.com

Аты дауға қалған "Челсидің" қожайыны клубтан кетті

Лондондық клубтың ірі акционерлерінің бірі, америкалық миллиардер Тодд Боули клубтағы үлесін Clearlake Capital Group инвестициялық компаниясына сатты.

Clearlake "Челсиді" толық бақылауға алды

52 жастағы Тодд Боули 2022 жылы "Челсидің" тең иелерінің біріне айналып, клуб басшылығында Роман Абрамовичтың орнын басқан еді. Сол уақытта лондондық команданы сатып алған инвесторлар тобының құрамында Clearlake Capital Group та болды.

Боулидің акцияларын сатып алғаннан кейін инвестициялық компания "Челсиге" толық бақылау жүргізетін негізгі меншік иесіне айналды.

Жанкүйерлерге алғыс айтты

Америкалық кәсіпкер клубтағы қызметін қорытындылап, "Челсидің" болашағына сенетінін жеткізді.

""Челси" футбол клубының төрағасы болу мен үшін үлкен мәртебе болды. Клубтың жарқын болашағын қалыптастыруға көмектескен Премьер-лига өкілдеріне, жаттықтырушылар мен футболшыларға, басшылық пен қызметкерлерге, сондай-ақ адал жанкүйерлерге алғысымды білдіремін", — деді Боули.

Ол Clearlake компаниясымен және өзге инвесторлармен бірлесіп қабылданған шешімдер клубтың қысқа әрі ұзақ мерзімді дамуына бағытталғанын атап өтті.

"Clearlake-пен серіктестігімізді және клубтың табысы үшін салған ортақ инвестицияларымызды жоғары бағалаймын. "Челсидің" жаңа басшылық тұсында да жетістікке жетуге барлық мүмкіндігі бар екеніне сенімдімін", — деп қосты кәсіпкер.

Клубтың стратегиясы өзгермейді

"Челсидің" ресми мәлімдемесінде меншік құрылымындағы өзгерістер команданың күнделікті жұмысына әсер етпейтіні айтылды. Клубтың басқару жүйесі мен алдағы даму стратегиясы бұрынғы бағыт бойынша жалғасады.

Тодд Боулидің басшылығы кезінде "Челси"" екі ірі халықаралық жарыста топ жарды. Лондондық команда 2024/25 жылғы маусымда УЕФА Конференциялар лигасын жеңіп алды. Кейін жаңартылған форматтағы ФИФА клубтар арасындағы әлем чемпионатының алғашқы жеңімпазы атанды.

Америкалық инвестор трансфер нарығындағы белсенділігімен де есте қалды. 2022–2024 жылдар аралығында "Челси" 41 футболшымен келісімшарт жасасты. Соның нәтижесінде клубтың құрамы әлемдегі ең қымбат командалардың біріне айналды.

Дастан Сәтпаевтың тарихи трансфері

Боули кезеңінде Қазақстан футболы үшін айрықша маңызға ие келісім де жүзеге асты. "Челси" алматылық "Қайраттан" Дастан Сәтпаевтың трансферлік құқығын сатып алып, 2026 жылдың жазында қазақстандық футболшымен ресми келісімшартқа отырды.

Бұл мәміле Қазақстан футболы тарихындағы ең маңызды әрі ауқымды трансферлердің бірі саналады.

Жарнама
Жарнама