Matchday: "Қайрат" "Ордабасыны" қуып жете ала ма?
Бүгінгі шығарылымда "Қайрат" бас бапкері Рафаэль Оразбахтиннің тәртібі туралы да сөз қозғалды.
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы мәресіне жақындады. 27-тур аяқталғаннан кейін чемпиондыққа талас пен төменгі орындардағы күрес одан әрі шиеленісе түсті.
"Қайрат" қатарынан екі матчта жеңіліп, көш бастап тұрған "Ордабасыдан" төрт ұпайға қалып қойды. Енді басты сұрақ – алматылық клуб қалған төрт турда шымкенттіктерді қуып жете ала ма? Кезекті шығарылымда подкаст резиденттері осы сұраққа жауап іздеп, өз ойларын бөлісті.
"Ордабасыға" чемпиондықты қазірден беру ерте
"Бірінші бол" бағдарламасының тұрақты сарапшылары 27-турдағы матчтарды талдап, чемпиондық тағдыры әлі шешілген жоқ деген пікір білдірді. Себебі "Ордабасы" қалған төрт кездесудің үшеуін сырт алаңда өткізеді. Оның ішінде "Ақтөбеге" қарсы қиын матч та бар.
Ал "Қайраттың" кестесі салыстырмалы түрде қолайлырақ: алматылықтар қалған төрт ойынның үшеуін өз алаңында өткізеді. Сондықтан төрт ұпайлық айырмашылыққа қарамастан, чемпиондық үшін күрес соңғы турға дейін созылуы мүмкін.
Турнир кестесінің төменгі бөлігінде де жағдай қазір өте тығыз. ҚПЛ-дан төменгі дивизионға түсіп қалу қаупі бірден бес командаға төніп тұр. Олар:
- "Жетісу"
- "Алтай"
- "Қайсар"
- "Қызылжар"
- "Атырау"
Қалған турлар бұл командалар үшін чемпиондық жарыстан кем түспейтін маңызға ие болмақ.