ҚПЛ 1-тур
Жарнама
Жарнама
Зайнутдинов Шымкентке келе ме? "Ордабасы" қызығушылығын растады
instagram.com/bateka_11/

Зайнутдинов Шымкентке келе ме? "Ордабасы" қызығушылығын растады

Шымкенттік клубтың президенті Дархан Қызайбаев мәскеулік "Динамода" өнер көрсететін Бақтиер Зайнутдиновке қызығушылық барын растады.

"Ордабасы" Зайнутдиновтың кандидатурасын қарастырады

Бұған дейін 28 жастағы қазақстандық футболшыға "Ордабасының" назар аударғаны туралы ақпарат тараған. Зайнутдинов мәскеулік "Динамо" сапында 2025 жылдан бері ойнайды.

Дархан Қызайбаев клубтың футболшыға шынымен қызығушылық танытып отырғанын айтты.

"Зайнутдиновке қызығушылығымыз бар. Ол – қазақстандық футболшы әрі ұлттық құраманың ойыншысы. Бірақ қазір нақты келіссөз жүргізіп жатқанымыз жоқ", – деді "Ордабасы" президенті Sport24 басылымына берген сұхбатында.

Шымкенттіктер шешімді маусым соңында қабылдамақ

Қызайбаевтың сөзінше, клуб Зайнутдиновтың соңғы жылдардағы жарақаттарын және "Динамодағы" ойын тәжірибесінің аздығын да ескеріп отыр.

"Оның жағдайын маусым аяқталуға жақындағанда егжей-тегжейлі қарастырамыз. Желтоқсан-қаңтар айларында бірнеше футболшыны қатарымызға қосу бағытында жұмыс істейміз. Сол кандидаттардың арасында Зайнутдинов те бар", – деді клуб басшысы.

Ол сондай-ақ футболшының "Бешікташ" пен "Динамода" жүрген кезде жарақат мәселесіне тап болғанын атап өтті. Қызайбаев бұл тақырыптағы сөзін әзілмен толықтырғанымен Зайнутдиновты жоғары деңгейдегі ойыншы деп бағалады.

"Ордабасы" басшысы қазіргі уақытта Бақтиер Зайнутдиновтың өзімен де, оның өкілдерімен де, мәскеулік клубпен де ресми келіссөз болмағанын нақтылады. Демек, қазақстандық футболшының шымкенттік клубқа ықтимал трансфері әзірге тек қызығушылық деңгейінде қалып отыр.

2025 жылдың қазанынан бері алаңға шыққан жоқ

Бақтиер Зайнутдинов "Динамо" сапындағы соңғы матчын 2025 жылы 19 қазанда "Ахматқа" қарсы өткізген. Сол кездесуден кейін жарақат алып, ұзақ уақытқа қатардан шықты. Содан бері қазақстандық футболшы мәскеулік клубтың негізгі құрамында алаңға шыққан жоқ.

Қазақстандық футболшы кәсіби мансабында бірнеше командалық жүлде жеңіп үлгерді. Ол:

  • 2018 жылы Қазақстан чемпионы атанды,
  • 2023 жылы Ресей кубогын жеңіп алды,
  • 2024 жылы Түркия кубогын иеленді.
Жарнама
Жарнама