"Руслан Балтиев кетуі керек" - Ермұхамед Мәулен
Белгілі журналист ван ’т Шкипті таңдаған ұлттық құрамалар департаментінің директорын кінәлады.
"Кім жауап береді?"
Спорт журналисі әрі сарапшы Ермұхамед Мәулен Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы сәтсіз бастамасынан кейін Қазақстан футбол федерациясындағы кадр мәселесін көтерді. Ол бұл туралы "Бірінші бол" YouTube арнасындағы Match Day подкастында айтты.
Сарапшының сөзінше, Талғат Байсуфинов қызметінен кеткеннен кейін федерация форс-мажорға дайын болмаған. Бір жарым айлық дедлайн тұрған кезде бюджетке сәйкес келетін маман іздеп, Джон ван’т Схиппті шақырған. Бірақ оның нәтижесі өкінішті болды дейді журналист.
Ермұхамед Мәулен бас бапкер таңдаудағы қателік үшін нақты лауазым иесі жауап беруі тиіс екенін айтты.
"Кім жауап береді? Ұлттық құрамалар департаментінің директоры. Негізгі кандидаттарды ұсынатын адам – департамент директоры Руслан Балтиев", – деді Ермұхамед Мәулен.
Сонымен бірге журналист Руслан Балтиевтің футболшы ретіндегі еңбегін жоғары бағалайтынын жеткізді. Оның айтуынша, Руслан Балтиев "Сокол" мен "Динамода" керемет ойнап, ұлттық құрама үшін де тер төккен тұлға. Бірақ қазіргі лауазымдағы жұмысына келгенде сарапшының бағасы басқаша.
"Бірақ ұлттық құрамалар департаменті директоры қызметінде ол әлсіздеу жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Сондықтан ол кісі қызметінен кетуі керек", – деді сарапшы.
Бапкерлік штаб толық жаңаруы керек
Ермұхамед Мәуленнің пікірінше, өзгеріс бір адаммен шектелмеуі тиіс. Ол кандидаттар тізімінде Валид Реграги сияқты мамандар болғанын, бірақ олардың жалақысы бір жарым-екі миллион еуродан басталатынын, ал федерацияда ондай қаржының жоқтығын айтты.
"Менің пікірімше, Руслан Балтиевпен бірге бүкіл бапкерлік штабты қызметінен босату керек", – деді журналист.
Сарапшы бұл мәселені тек ұлттық құрамамен байланыстырмайды. Оның сөзінше, U19 мен U21 құрамалары да турнир кестесінде соңғы орындарда тұр. Сондықтан жүйелік өзгеріс қажет.
Ермұхамед Мәулен қорытындылай келе, федерация демеуші тауып, мықты маманға ақша төлеуі керек деген ойын білдірді. "Жақсы зат қымбат тұрады, жақсы тренер қымбат тұрады", – деген уәж подкаст барысында бірнеше рет қайталанды.