"Барселона" ойыншының трансферіне 500 миллион еуролық шарт қойды
"Барселона" жартылай қорғаушы Дани Ольмоны 80–90 миллион еуроға сатуға ниетті емес.
"Бавария" қызығушылық танытып отырған футболшыны каталониялық клубтың келісімінсіз алу үшін келісімшарттағы 500 миллион еуролық өтемақыны төлеу қажет. Бұған дейін каталониялықтар 28 жастағы испаниялық ойыншы үшін 80–90 миллион еуро көлеміндегі ұсыныстарды қарастыруы мүмкін екені айтылған.
Бірақ El Nacional мәліметінше, клуб басшылығы мұндай сомамен келіспейді және Ольмоны сату жөнінде келіссөз жүргізуді жоспарлап отырған жоқ.
Осылайша футболшыны "Барселонаның" рұқсатынсыз қатарға қосудың жолы – келісімшартта көрсетілген 500 миллион еуролық өтемақы тармағын іске қосу.
Дани Ольмо "Барселонаға" 2024 жылы германиялық "РБ Лейпцигтен" ауысқан. Трансфер құны 61 миллион еуро болған. Оның каталониялық клубпен келісімшарты 2030 жылға дейін жарамды.
Испания құрамасының вице-капитаны биылғы маусымда барлық турнирде тоғыз матч өткізіп, үш нәтижелі пас берген.