Қызылордалық футбол клубы қазақ балаларынан команда жасақтап, жергілікті жігіттердің шеберлік шыңдауына басымдық бермек.
Бұндай мәлімдемені бірер күн бұрын обыстық спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев жасаған. “Қайсар” футбол клубының жаңадан тағайындалған басшысы Талғат Әбдіғаппарұлының айтуынша, жергілікті ойыншылармен де жоғарғы лигада қалуға болады. Сол мақсатта жігіттер жасыл алаңда барын да, жанын да салатынына үмітті.
“Жергілікті қара домалақ балалар бар. Соларды “Қайсар” сапында премьер-лигада ойнатып ұлттық құрамаға қосу үшін барын саламыз. Тәуекелге бару керек. Қазір команда 60 пайыз жасақталып тұр”, – дейді “Қайсар” ФК директоры Талғат Әбдіғаппарұлы.
Бұған қоса, клуб басшысы мемлекеттік бюджетке салмақ салмаудың амалдарын да қарастырып жатыр. Қазірдің өзінде демеушілер тауып, келісім жасасуға кіріскен. Алдағы мамырда қалада жаңа стадион қолданысқа беріледі. Сол жерде біраз коммерциялық жобаларды жүзеге асырып, клубты өз шығынын өзі жабатын деңгейге шығару жоспарланған.