"Пари Сен-Жермен" қатарынан төртінші рет Франция чемпионы атанды

Редактор Penalty.kz
06.04.2025, 12:00

Франция футболының алпауытына айналған ПСЖ 2024/25 маусымында Лига 1-дегі чемпиондық атақты мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Бұл — клуб тарихындағы 13-ші чемпиондық, әрі қатарынан төртінші алтын медаль.

goal.com

ПСЖ 28-тур аясында өз алаңында "Анжені" қабылдады. Париждіктер 1:0 есебімен жеңіске жетіп, чемпиондықты ресми түрде бекітті. Ойынның 55-минутында Дезире Дуэ командасын алға шығарды. Жартылай қорғаушыға грузин шабуылшысы Хвича Кварацхелия нәтижелі пас шығарды.

Бұл жеңістің арқасында ПСЖ-ның ұпайы 74-ке жетіп, басты қарсыластарынан математикалық тұрғыда алға шықты. Клуб маусым барысында 23 жеңіс пен 5 тең ойын тіркеп, ешкімге мүмкіндік қалдырмады. Париж ұжымы Франция футбол тарихындағы ең көп чемпиондық атаққа ие клуб ретінде рекорд орнатты.

Чемпиондықпен шектеліп қалмаған ПСЖ бұл маусымда требл жасау мүмкіндігіне ие. Клуб жақында Франция кубогының финалында "Реймспен" жолығады. Сонымен қатар УЕФА Чемпиондар лигасындағы жорығын да жалғастырып келеді.