Канада құрамасының бас менеджері Даг Армстронг 2026 жылғы қысқы Олимпиадада Ресей құрамасының болмауына қынжылысын білдірді.
Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімімен Ресейдің хоккей құрамасы 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына қатыспайды. Оның орнына Франция құрамасы жолдама алды.
Канада құрамасының бас менеджері Даг Армстронг The Washington Post басылымына берген сұхбатында Ресей құрамасының турнирден шеттетілгеніне өкініш білдірді. Оның айтуынша, бұл жағдай хоккей сүйер қауым мен спортшылардың көңілін түсірген.
"Мұндай ірі додада Александр Овечкин, Никита Кучеров, Андрей Василевский сынды жұлдыздарды көре алмау өте өкінішті. Бұл спортшылар турнирдің деңгейін арттыра түсер еді. Бірақ бізге тек ресми бекітілген құрамалармен ойнауға тура келеді. Биыл өкінішке қарай, ресейліктер бұл тізімде жоқ", – деді Армстронг.
Олардың Олимпиададан тыс қалуы – бүкіл хоккей әлемі үшін елеулі шығын.