2028 жылғы Олимпиада ойындарында қандай өзгерістер болады?

Редактор Penalty.kz
11.04.2025, 19:07

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілетін жаңа тәртіптер мен өзгерістерді ресми түрде жариялады,

handballfast.com

Футбол: ерлер қысқарады, әйелдер көбейеді

2028 жылғы Олимпиадада ерлер арасындағы футбол турниріне қатысатын құрамалар саны 16-дан 12-ге дейін қысқарады. Керісінше, әйелдер арасындағы турнирге қатысатын құрамалар саны 12-ден 16-ға дейін көбейтіледі. Бұл өзгеріс Олимпиададағы гендерлік тепе-теңдікті сақтау мақсатында жасалған.

Бокс пен су добында әйелдерге басымдық

Әйелдер боксына тағы бір қосымша салмақ дәрежесі енгізіледі. Бұл шешім ерлер мен әйелдер арасындағы салмақтық квоталарды теңестіру үшін қабылданды. Сонымен қатар, су добында әйелдер құрамаларының саны екіге артып, турнирде қатысушылар саны көбейеді.

Аралас форматтағы жарыстар көбейеді

Олимпиада-2028 бағдарламасына аралас жыныста өтетін жарыстар саны да артады. Жаңа формат келесі спорт түрлерін қамтиды:

  • жеңіл атлетика,
  • садақ ату,
  • гольф,
  • көркем гимнастика,
  • үстел теннисі,
  • ескек есу.

Бұл қадам аралас құрамалар арасында бәсекелестікті арттыруға және көрермендердің қызығушылығын оятуға бағытталған.

3×3 баскетбол, суға жүзу және құзға өрмелеу де жаңарады

3x3 баскетбол турнирінде ерлер мен әйелдер құрамаларының саны 8-ден 12-ге дейін ұлғаяды.

Спорттық құзға өрмелеу жарысында жекелеген екі түр бойынша (боулдеринг пен классикалық өрмелеу) жекелей медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Ал жүзу бағдарламасына қосымша жаңа қашықтықтар қосылады:

  • 50 метрге еркін стиль,
  • брасс,
  • баттерфляй,
  • шалқалап жүзу.