Бұл қаржы жас мәнерлеп сырғанаушының әлем чемпионатындағы жетістігі үшін берілді.
Алматы қаласының жас мәнерлеп сырғанаушысы Михаил Шайдоров Бостонда (АҚШ) өткен 2025 жылғы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алғаны үшін әкімдіктен қаржылай марапатқа ие болды.
Қала әкімдігінде өткен салтанатты қабылдауда Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Шайдоровты тарихи жетістігімен құттықтап, оған 2,5 миллион теңге көлеміндегі сертификатты табыстады.
«С«Сіз қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың абыройын арттырып қана қоймай, жүздеген жас спортшыны өзіне сенуге және алға ұмтылуға шабыт бердіңіз. Ерекше алғысты жаттықтырушыңыз Әсем Робертқызы Қасановаға айтқым келеді. Ол өз ісіне деген жоғары кәсібилігімен, даналығы және шынайы адалдығымен ерекшеленеді. Қазақстан Республикасының мәнерлеп сырғанау бойынша бас бапкері ретінде ол спорттың дамуына және мұз айдынында жаңа жұлдыздардың қалыптасуына үлкен үлес қосты», – деді Шаханов.
Жас спортшы қолдау білдірген қала басшылығына алғысын білдіріп, жетістігін бүкіл елге арнады:
«Мен қала әкімдігіне, алматылықтарға қолдау көрсеткені үшін өте ризамын. Бұл мені шабыттандырып, әрі қарай жетістікке жетуге күш береді. Бұл менің ғана емес, бүкіл елдің жеңісі, маған сеніп, осы жолда көмектескен көпшіліктің еңбегінің нәтижесі», – деді Шайдоров.
Күміс медаль — 20 жастағы Михаил Шайдоровтың спорттық мансабындағы ең ірі жетістік. Бұған дейін ол Төрт құрлық чемпионатында алтын, ал Азия ойындарында қола жүлде жеңіп алған болатын.