Almaty Arena мен Halyk Arena мемлекетке қайтарылады

Редактор Penalty.kz
15.04.2025, 13:30

Алматыда 2024 жылдың басынан бастап спорттық инфрақұрылымды мемлекет меншігіне қайтару процесі басталды. Бұл бастаманың аясында қаланың басты спорт нысандары — Almaty Arena және Halyk Arena коммуналдық меншікке өтеді.

фото ашық дереккөздерден алынды

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұрын жекеменшік құрылымдардың басқаруында болған екі ірі арена — Almaty Arena мен Halyk Arena мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл бастама Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевқа тиесілі.

Объектілерді коммуналдық меншікке беру туралы шешім қабылданған соң, олардың жұмыс тиімділігіне аудит жүргізілген. Нәтижесінде ареналардың қолдану басымдығы кәсіби спортшыларға, оның ішінде фигурист Михаил Шайдоровқа берілмек.

Михаил Шайдоров бұған дейін бірнеше рет Алматыда мәнерлеп сырғанауға қажетті жаттығу базасының жоқтығын айтып, мәселе көтерген. Оның айтуынша, кәсіби деңгейде дайындық жүргізуге мүмкіндік беретін мұз айдындары жетіспейтін.

“Алматы сияқты мегаполисте спортшыларға лайықты мұз аренасы болмауы — үлкен кемшілік”, — деген еді Шайдоров өткен сұхбаттарының бірінде.

Осы мәлімдемелер қоғамда үлкен резонанс тудырып, спорттық инфрақұрылым мәселесін күн тәртібіне шығарды. Ал әкімдік тарапынан нақты шешім қабылданып, спортшылардың мүддесі ескерілді.

Бұл бастама Алматы қаласының спорттық әлеуетін арттыруға және жасөспірімдер мен кәсіби атлеттер үшін жаттығу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Сонымен қатар, мұз ареналары енді қала тұрғындарына да ашық болмақ, бұл спортпен шұғылдануға қызығушылықты арттырады деген болжам бар.