Қазақстанда легионерлерге қаржылай қолдау көрсетуге шектеу қойылуы спорт қауымдастығында қызу талқы тудырды. Осы мәселеге байланысты Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина өз пікірін білдірді.
Шишигинаның айтуынша, әсіресе ұжымдық спорт түрлерінде легионерлердің тәжірибесі аса қажет.
“Командалық ойындарда біз бұл шектеуден көп ұтыламыз. Себебі шетелдік спортшылардың тәжірибесі кейде ұжымға өте керек. Бірақ меніңше, бір әділ шешім бар: легионерлерге өздері сұраған соманы емес, ұлттық құрамадағы ойыншылармен бірдей жалақы төлеу керек,” – деді Олимпиада чемпионы.
Шишигина легионерлердің деңгейіне де назар аударды. Оның пікірінше, басқа елдер нағыз үздік спортшыларын сыртқа жібермейді.
“Нақтылап айтсақ, легионер деген кім? Қай ел өз мықтысын жібереді? Ешкім де. Көбінесе бізге өз құрамасына іліге алмаған бесінші, алтыншы нөмірдегі спортшылар келеді. Сондықтан легионерлердің сапасына да күмәнмен қарау орынды”, — деді ол.