Астанада өткен сот отырысында прокурор Арман Қызыкен бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі, сондай-ақ ҚФФ бұрынғы президенті Ерлан Қожағапановты кінәлі деп танып, оны орташа қауіпсіздік мекемесінде 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот барысында прокурор Қожағапановты тек бас бостандығынан айырумен шектелмей, оны мемлекеттік наградалардан да айыру жөнінде ұсыныс жасады. Атап айтқанда, оған берілген II дәрежелі "Айбын" ордені мен "Кеден қызметінің полковнигі" арнайы шенінен айырылу ұсынылды.
Ерлан Қожағапановқа ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша ("Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану") айып тағылды. Бұл бапта ауыр жаза қарастырылған.
Сонымен қатар прокурор азаматтық талап арызды ішінара қанағаттандыруды сұрап, 1 миллиардтан астам теңгені өндіруді талап етті. Бұған қоса бұрын салынған мүлікке тыйымды күшінде қалдыру ұсынылды.
Тергеу деректеріне сәйкес Ерлан Қожағапанов 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы XV Өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру барысында 1 миллиардтан астам теңгені жымқырды деп күдікке ілінген. Осы іске байланысты ол 2024 жылдың наурызында ұсталған болатын. Содан бері оның бұлтартпау шарасын өзгертуге өтініші бірнеше мәрте қанағаттандырылмады.
Айта кетейік, Ерлан Қожағапанов 2014 пен 2016 жылдар аралығында Қазақстан футбол федерациясының президенті қызметін атқарған. Ол кезеңде федерация бірқатар реформа жасап, халықаралық байланыстарды нығайтуға ұмтылғанымен Қожағапановтың есімі енді спорт саласынан гөрі, сот залында жиі айтылатын болды.