Жамбыл облысы тартысты ойында Шымкентті тізе бүктіріп, көкпардың жаңа чемпионы атанды.
Алматыда көкпардан жастар арасында өткен чемпионатта Жамбыл облысының командасы жеңіске жетіп, еліміздің үздік көкпар өңірі атанды. Ақтық ойында "алтын салым" шешуші рөл атқарды. Бұл туралы offside.kz хабарлады.
Алматы қаласында өткен XIX жастар арасындағы көкпар чемпионаты өз мәресіне жетті. Елдің әр аймағынан келген 13 команда тартысты бәсекеге түсті. Финалда Жамбыл облысының құрама командасы мен Шымкент қаласының командасы күш сынасты.
Қарсыластар арасындағы есеп 5:4 болып, шешуші ұпайды Арнұр Асен салып, командасына "алтын салыммен" жеңіс сыйлады.
Финал жаңбырлы күні өтті, алаң тайғақ болды. Соған қарамастан командалар беріктік пен ептілікті, шынайы спорттық рухты көрсете білді.
Биылғы чемпионат жүлде қоры жағынан рекордтық көрсеткішке жетті — жалпы сомасы 12 350 000 теңге. Жүлделер келесідей бөлінді:
Чемпионатқа тек қазақстандық жанкүйерлер ғана емес, шетелдік меймандар да қызығушылық танытты. АҚШ-тан келген қонақтардың қатысуы — көкпардың халықаралық деңгейде таралып келе жатқанын көрсетеді.
Айдарбек Қожаназаров, ҚР Көкпар федерациясының президенті:
«Біз алғаш рет барлық қатысушыларды және үздік тұлпарларды марапаттадық. Бұл – ұлттық ойынымызды дамытуға қосқан үлесіміз. Бүгінгі жеңімпаздар – ертеңгі ұлттық құрама ойыншылары.»
Ғани Дүйсенов, федерацияның атқарушы директоры:
«Биылғы жарысқа алғаш рет цифрлық табло, видеоқайта қарау жүйесі, тұлпарларға арналған арнайы марапаттар енгізілді. Бұл – көкпардың жаңа деңгейге көтерілгенінің белгісі.»