Кирилл Герасименко үстел теннисінен әлем чемпионатында сенімді ойнағанымен фаворитке есе жіберді.
Дохада өтіп жатқан үстел теннисінен әлем чемпионатында Кирилл Герасименко тамаша ойын өрнегін көрсетті. Қазақстанның басты үміті саналатын спортшы турнирдің үшінші айналымына дейін жетіп, үздіктермен терезесі тең ойнады. Алайда бұл кезеңде ол әлемдік рейтингтің көшбасшыларының бірі — бразилиялық Уго Кальдераномен жолықты.
Матчта 2:4 (11:9, 11:9, 5:11, 10:12, 9:11, 7:11) есебімен Кальдерано жеңіске жетті. Бірақ Герасименконың алғашқы екі партиядағы жеңісі оның деңгейін көрсетіп берді.
Қазір Уго Кальдерано WTT рейтингінде 3-орында тұр. Ал Кирилл Герасименко болса 62-орынға тұрақтаған. Соған қарамастан Кирилл элиталық теннисшілермен бәсекеге түсе алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кирилл Герасименко халықаралық дәрежедегі спорт шебері, көп дүркін Қазақстан чемпионы және үш бірдей Олимпиада ойындарының қатысушысы (Рио 2016, Токио 2020, Париж 2024). Оның бұл жетістігі — еліміздің үстел теннисі тарихындағы ерекше белес.