
Шешенстаннан шыққан танымал боксшы Артур Бетербиев Грозныйда ашылған жаңа әмбебап спорт кешеніне өз есімін беру туралы ұсынысқа пікір білдірді.
Әлем чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, кәсіби рингтің жұлдызы саналатын Артур Бетербиев Рамзан Қадыровтың бұл шешіміне аса таң қалғанын жасырмады:
"Бұл мен үшін күтпеген, бірақ өте әсерлі әрі үлкен мәртебе! Рамзан Ахматұлы менің спорттағы қарапайым еңбегімді әрдайым жоғары бағалап келеді. Ол кісіге алғысым шексіз!" – деп жазды боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бетербиев бұл жобаның бір бөлігі болу өзін ерекше қуантқанын да жасырмады:
"Кешен қабырғасында болашақ чемпиондар тәрбиеленеді. Осындай бастамаға аз да болса үлес қосу – мен үшін үлкен сый! Құрметті Рамзан Ахматұлы, мен үшін жасап жатқан қамқорлығыңызға шын жүректен алғыс айтамын!" – деді ол.
Айта кетейік, жуырда Грозныйда жаңа әмбебап спорт кешені ресми түрде ашылды. Мұнда бокс пен семсерлесу секілді екі олимпиадалық спорт түрінен жаттығулар өтеді. Бұл нысан – аймақ жастарына арналған заманауи спорт инфрақұрылымының маңызды бөлігі болмақ.